Елжан Біртанов былтырғы дәрі-дәрмек тапшылығына қатысты түсініктеме берді

Былтыр жазда өкпені желдеткіш аппараттарымен қамту «СҚ-Фармацияның» міндетіне жатпады.

Бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов індеттің өршіген тұсында желдеткіш құралдар мен дәрі-дәрмектің жетіспеушілігіне қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды «Хабар 24».

«СҚ-Фармацияның» экс жетекшісі Берік Шәріптің үстінен қозғалған онлайн сот отырысында судья бірыңғай дистрибьютердің рөлі жайында сұрады. Біртановтың мәліметі бойынша науқастарға арналған медициналық құралдардың қорын әр облыс жасақтауы тиіс болатын. Әу баста ведомствоаралық комиссия өңір басшыларына осыны мықтап тапсырған еді. Алайда, халық жаппай ауырғанда әзірленген қордың өзі жетпей қалды. Ал «СҚ-Фармация» қажет дәрі-дәрмекпен тек медициналық мекемелерді қамтуға міндетті. Ұзақ мерзімді келісімшартқа сәйкес жеткізіп берушілер ауруханаларға керек дәрілердің бірнеше айлық қорын алдын ала әзірлеп қояды. Яғни, «СҚ-Фармацияның» қоймасындағы дәрілер жекеменшік секторға емес, ауруханаларға арналған еді. Яғни, дәріханаларды дәрімен қамту «СҚ-Фармацияның» тікелей міндетіне жатпайды. «Міне, компания міндетін ажырата алмау салдарынан қоғамда теріс пікір туындаған», - деді Біртанов.