Алматыда Азия чемпионатының жеңімпаздары қаржылай сыйлықпен марапатталды

Алматыда Бокс федерациясының басшылары Азия чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттады.

Дубайда өткен құрлық біріншілігінде қыздар 8 алтын медаль иеленіп, жалпы командалық есепте топ жарғанды. Ал Ғалымбек Кенжебаев жаттықтыратын ерлер құрамасына алтын бұйырмады. Дегенмен жігіттер Токио олимпиадасында есе қайтарамыз деп отыр.

Үлкен жарыстан жүлдемен оралған қыз-жігіттерге алғыс айтып, арқадан қағу дәстүрі елімізде бұрыннан бар. Қазақстан бокс федерациясының басшылары сол дәстүрден жаңылмай Азия чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін қаржылай сыйлықтармен марапаттады. Дубайда топ жарғандар 10 мың, күміс жүлдегерлер 5 мың ал қола жүлдегерлер 2 жарым мың АҚШ долларына ие болды. Алтын медаль ала алмаған жігіттеріміз енді Токио олимпиадасында топ жарамыз деп отыр.

Ғалымбек Кенжебаев, бокстан ерлер құрамасының бас бапкері:

– Балалар өте жақсы дайындалған. Және де олардың жарысқа деген ынта-жігерлері де мықты. Олимпиадада есені қайтарамыз деген оймен жақсы өнер көрсетіп, дайындалып, тер төгіп, жақсы нәтижемен ораламыз деген ойымыз бар.

Құрлық біріншілігінде төрешілер тарапынан әділетсіздік болғаны рас. Енді Токио олимпиадасы таза өтеді деген ойдамыз. Алайда біздің боксшылар төрешілерге емес өздерінің күш жігеріне сеніп отыр.

Абылайхан Жүсіпов, Азия чемпионатының күміс жүлдегері:

– Енді барлығын төрешілерге жаба алмаймыз. Өзімізден де қателіктерді іздедік. Азия чемпионаты біз үшін жақсы тәжірибе болды. Қазір тыңғылықты дайындалудамыз.

Осыдан біраз күн бұрын Афины олимпиадасының чемпионы Бақтияр Артаев Қазақстан Бокс федерациясының вице-президенті мен мемлекеттік жаттықтырушы болып тағайындалған болатын. Осы марапаттау рәсімінде Артаевқа қызметтік куәлігі ресми түрде табыс етілді.

Бақтияр Артаев, ҚР Бокс федерациясының вице-президенті, мемлекеттік жаттықтырушы:

– Ең бірінші ұсыныс жасалғанда, әрине, қуаныш болды. Бірақ қуаныштың артынан көп күйзеліп ойланатын дүние болды. Өйткені, өздеріңіз білесіздер, кеше Азия біріншілігі өтті. Қаншама сұрақ туындап жатыр. Енді ол мәселенің бәрін келе салып, бір күнде шешу оңай болмайды. Сондықтан қаншама жүк болатынын білгендіктен біраз ойландым, шыны керек. «Шешінген судан тайынбайды» демекші, осы іске келдік пе, енді жұмыс істеу керек.

Тек қана боксшылар емес, ұлттық құрама бапкерлері мен ғылыми-кешенді топ қызметкерлері де ақшалай сыйақы алды. Қашанда ел намысы үшін аянбай тер төгіп жүрген былғары қолғап шеберлеріне қандай құрмет көрсетсек те жарасымды!

Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Нұрдәулет Жақсыбаев