Алматыда «Динамо» шаңғы базасының орнына тұрғын үйлер салынуы мүмкін

Алматыда «Динамо» тау шаңғы базасының орнына тұрғын үйлер салынуы мүмкін. Қазір мердігер мекеме ондағы ескі ғимаратты бұзып, құрылыс орнын дайындап жатыр.

Ал экобелсенділер болса, бұрын спорт нысаны орналасқан жердің жекенің қолына өтіп кеткеніне мүлдем қарсы. Оның үстіне табиғат жанашырлары бұл аумаққа қандайда бір ғимарат түсетін болса, Көкжайлауға баратын жол жабылып қалады, деп алаңдайды. Ал тиісті мекемелердің өз айтары бар.

Алматылық Сәуле Қобжанова «Динамо» тау шаңғы базасын бала кезінен біледі. Дәл осы жерде асыр салып ойнап өскен. Оның айтуынша, беріге дейін қыста жұртшылық осында келіп, сырғанақ тебеді. Енді ол қоғам белсенділерімен бірге табиғаты таңдай қақтырар аумақта құрылыс жүріп жатқандығына алаңдаушылық танытып отыр. Себебі жер жеке меншікке тиесілі. Экобелсенділер бұл маңның бұрынғыдай көпшілік спортпен айналысып, таза ауада тынығатын орын болуын қалайды. Оның үстіне екінің бірі Шымбұлаққа бара бермейтіні анық. Ал қалаға іргелес тау бөктері демалуға таптырмас жер.

Сәуле Қобжанова, қала тұрғыны:

- Бұрын бұл база Ішкі Істер Министрлігінің қарамағында болды.  Кейін қалай болғаны белгісіз, жекеге өтіп кеткен. 2020 жылы әкімдік тіпті  оның нысаналы мақсатын өзгертуге де келісім берген. Яғни тау шаңғы базасының нысаналы мақсатын жеке тұрғын үйге өзгерту туралы өтінішке арнайы комиссия сөзге келмей рұқсат беріпті. Құрылысшылардың айтуынша, мұнда коттеджді қалашық салынады. Әкімдіктің шешіміне таңқалып отырмыз. Тау бөктерін бұзбай сақтап қалуымызға болатын еді ғой.

Табиғат жанашырларының алаңдайтын жөні бар. Бұрынғы «Динамо» шаңғы базасы Алматының төрінде, табиғаты тамаша жерде орын тепкен. Спорт нысаны қала тұрғындарына 30 жылға жуық қызмет көрсетіпті. 1994 жылы серіктестік болып қайта құрылады. Ал 2005 жылы денешынықтыру қоғамы жер учаскесін жеке меншікке сатып жібереді. Содан кейінгі 15 жыл ішінде меншік иесі 4 рет өзгерген.

Владимир Яковлев, қалалық жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы:

- Ол аумақ 2005 жылдан бастап, жеке меншіктің қарамағында. Өткен жылдың 27 қазанында жер пайдаланушының өтініші бойынша белгіленген мақсатты өзгерту туралы шешім қабылданды, өйткені ол қолданыстағы заңнамаға қайшы келмейді. Жердің аумағы 1 жарым гектар.

Қазір бұрынғы базаның аумағы толықтай қоршауға алынған. «Ол жерден «Көкжайлау» шатқалына баратын жол өтеді. Сол соқпақ жол қоршаудың ішінде қалды. Енді жұртшылық тау бөктеріне қалай барады» дейді қоғам белсенділері. 

Владимир Яковлев, қалалық жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы:

- Туристердің жеке меншікке тиесілі жермен өтуіне қатысты мәселе әлі талқыланған жоқ. Бірақ бұл жайтты көп болып көтеру қажет. Мүмкін кодекске өзгертулер енгізу керек шығар. Қайткен күнде де демалушыларға жағдай жасалғаны жөн. Жекеге қарайтын жерден малдың өтуіне қатысты белгілі талаптар бар.

Бұл жер спортпен шұғылданатын алаң салуға арналған. Табиғаты, таудың таза ауасы соған сұранып тұр. Сондықтан бір амалын тауып, мемлекетке айтарылуы тиіс деп санайды қоғам белсенділері.  

Қарлығаш Қайыпбекова, Кенже Амраев