Елорда іргесіндегі Талапкер ауылы сапалы ауыз суға зәру

Елорда іргесіндегі Талапкер ауылы әлі күнге сапалы ауыз суға зәру. Былтыр қыруар қаржыға тартылған су құбырын тұрғындар игілігіне жарата алар емес. Амалы құрыған ауылдықтар аптап ыстықта тіршілік нәрін көшедегі құдықтан тасып ішіп ішуге мәжбүр. Мәселе қашан шешіледі? 

- Ал қызым менің көрген күнім осы. Таңертең суға барам, су әкелем. Алыс, мынау жазда, батпақта қиын.

Жетпісті алқымдаған Қуанған ақсақалдың көрген күні осы. Күнделікті шай-пайға қажет суды әупірімдеп жүріп өзі тасиды. Зейнеткер былтыр жүрегіне операция жасатқан. Дәрігерлер күтіну керек деп сан мәрте ескертсе де елер емес. Себебі мынадай аптап ыстықта сусыз қалудан өткен қорлық жоқ деп күйінеді қария.

Қуанған Бегайдар, ауылы тұрғыны:

- Сол демалып-демалып келем. 1-де шықсам, содан екі-үшке қарата енді денсаулығыма байланысты жаныма бір немеремді ертіп аламын. Ата, демал-демал дейді. Кейде су болмай қалады, кейде ерте жауып тастайды. Обеді болып кетеді, оны тосып отырасың. Үлкен-кішіге қарамайды, мен келгем, мен келгем деп итеріп, осы жағдай, балам. 

Шыжыған жазда шелегін ұстап, құдық басында кезек күткендердің қарасы шынымен көп. Кенезесі кепкен тұрғындар жұтым су үшін тіпті ауладағы көршімен де араздасып болдық дейді.

- Мынау қайта азайғаны, таңертең таңғы 8-де келеміз. Содан әлі тамақ та ішкен жоқпыз. 

- Бұл судың өзі жетпей қалады. Жетпей қалады бұл су.

- Он жыл тұрамын мен осында. Ылғи сумен мучение. Балам жұмыстан келеді. Түнде уже водокачка жабылып қалады. Қайдан су аларымызды білмейміз. Обещать то обещать етеді, без толку. 

Бүгінде тұтас ауылдың күні мынадай су беретін орындарға қараған. Талапкерде оның саны төртеу. Алайда мұнда да халықты мүсіркеп жатқан ешкім жоқ.  «Алғаның алдың, алмағаның қойдың» деп сәл кешіксең есікті тарс жабатын көрінеді. 

Мұрат Тіленшиев, ауыл тұрғыны:

- Мына жерде уақыт таңғы сағат 9-дан. Тоғыздан емес, жетіден немесе сегізден болса. Балаларым жұмысқа барады. Сол бір сағаттың ішінде су алуға болар еді. И кешкі 6-да балалар жұмыстан келеді. А бұл су жабық. 

Қазір Талапкер ауылында 10 мыңнан аса адам тұрады. Жыл санап халық саны да көбейіп келеді. Былтыр су құбыры тартылғанда жұрт ауыз су машаһатынан арыламыз деп қуанған. 

Ерлан Жолаушин, ауыл тұрғыны:

- Өткізді былтыр. Қуандық мына жерде. Былтырғы жазда су болады деп, уже екінші жаз келді. Су жоқ бізде. Мінеки көрдіңіз скажинаның суын. 

Назерке Тоқжан, тілші:

- Ауыз судың азабы өткен тұрғындар өз ауласынан құдық қазып алған. Алайда одан шыққан судың сапасы нашар болғаны соншалық ішпек түгілі кір-қоң жууға келмейді.

Ал ауыл әкімінің айтуынша, мәселе шешілуі үшін әлі 2 жылдай уақыт керек. Магистральді су желісін тарту жұмыстары тек 2023 жылы толық аяқталмақ.

Асқар Жақсыгелдинов, Талапкер ауылдық округінің әкімі:

- Бүкіл ауылға өткіздік. Әрбір үйге келді. Коммуникация дейді ғой. Енді мына күтіп отырғанымыз 40 шақырым Рақымжан водовод келеді бізге. Кемі 2 жыл күту керек пе? Иә.  

Бұқараның базынасынан министрлік те баяғыдан хабардар болып шықты. Десе де, сең енді қозғалғандай ма дедік. Жауаптылар бүгінде ауылды сумен қамтудың техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленіп жатқанын жеткізді. Оны қаржыландыру келер жылы басталмақ. Жоба іске асса, Талапкер ғана емес, ауыз су тапшылығы өткір тұрған өзге де елді мекендер мейірі қанғанша мөлдір су ішеді. 

Нұрсұлтан Керімқұлов, ҚР ИИДМ басқарма басшысы:

- Техникалық құжаттамада, жобаның қаншалықты қажеттілігі көрсетіледі. Алдын ала жобаның құны шамамен 15 млрд болады. Ол жерде тек Талапкер ауылы ғана емес, Қажымұқан ауылы магистральді сумен қамтамасыз ету желісіне қосылады. Жалпы енді министрліктің үнемі бақылауында тұр. Нұр-Сұлтан қаласының аумағындағы барлық ауылдарды сумен қамтамасыз ету.

Демек, онсыз да тағаты таусылған талапкерлік ағайынның тағы да  күтуіне тура келеді. Ауылда шешімін күткен жалғыз су мәселесі болса, оған да көнуге бармыз дейді жұрт. Алайда тоз-тозы жеткен жолы мен жиі сөнетін жарығы да жығылған үстіне жұдырық болып тұр. 

Назерке Тоқжан, Жарқын Мырзахан