Мұхтар Құл-Мұхаммед пен Қайрат Қожамжаров қорғаныс кәсіпорындарын тексерді

Мұхтар Құл-Мұхаммед пен Қайрат Қожамжаров қорғаныс кәсіпорындарын тексерді
Сенаттың баспасөз қызметі

Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің депутаттары Мұхтар Құл-Мұхаммед пен Қайрат Қожамжаров Ақмола облысындағы әскери бөлімдерде болды.

Сенаторлар әскери бөлімдердің жеке құрамымен кездесіп, әскери қызметшілердің материалдық-техникалық жабдықталуымен және тыныс-тіршілігімен танысты, деп хабарлайды Сенаттың баспасөз қызметі. Мұхтар Құл-Мұхаммед бөлімшелердің жоғары деңгейдегі жауынгерлік дайындығы мен заманауи техникалық құралдармен жабдықталғанын атап өтті.

Депутаттар сонымен қатар «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңды іске асыру, оның ішінде әскери қызметшілерді әлеуметтік және материалдық-техникалық қамтамасыз етуге байланысты мәселелерді талқылады.

Парламентшілер төтенше жағдайлар салдарынан зардап шеккен адамдарға медициналық және психологиялық көмек көрсету міндеттері жүктелген ТЖМ Апаттар медицинасы орталығының қызметімен де танысты.

«Кәсіби медициналық авариялық-құтқару қызметін дамыту қажет. Қазаға болғандар санын азайтуда ол аса маңызды», – деді сенатор Қайрат Қожамжаров.

Сенаттың салалық комитеті төрағасының өңірлерге сапары Алматы қаласындағы машина жасау кәсіпорындарында жалғасты.

Мұхтар Құл-Мұхаммедке қару-жарақ пен әскери мақсаттағы тауарларды шығаруға бағытталған кәсіпорындардың өндірістік қуаты көрсетілді.

Әңгіме барысында «Қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс туралы» Заңды іске асыруға, атап айтқанда, баға белгілеуге, оқшаулау деңгейін арттыруға, қорғаныстық тапсырыс аясында ұзақ мерзімді шарттар жасасуға, сондай-ақ кәсіпорындардың борыш жүктемесі мен қаржы ресурстарының қолжетімділігін төмендетуге байланысты мәселелер көтерілді.

«Саладағы проблемаларды жүйелі түрде шешу қажет. Бір жағынан, отандық кәсіпорындарға қолдау көрсету керек, екінші жағынан, әскери бөлімшелердің қажеттіліктерін қазіргі заманғы әрі шын мәнінде сұранысқа ие қару-жарақ пен әскери техникамен барынша қанағаттандыру қажет», – деді Мұхтар Құл-Мұхаммед.