Биыл елордалық Жұмыспен қамту орталығы жеті мың тұрғынды жұмысқа орналастырды

Биыл елордалық Жұмыспен қамту орталығы жеті мың тұрғынды жұмысқа орналастырды

Күн сайын елордалық Халықты жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз жандар жүгінеді. Қолайлы бос жұмыс орындарын әртүрлі жастағы және статустағы тұрғындар, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандар да іздейді.

Жыл басынан бері орталыққа 11 929 азамат жұмыс іздеп келді, оның ішінде 6 955 адам жұмысқа орналасты, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.

Бүгінде Халықты жұмыспен қамту орталығы Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» және «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» мемлекеттік бағдарламаларынан бөлек, бірқатар басқа бағдарламаларды іске асыруда, оның ішінде «Алғашқы жұмыс орны» жобасы». Бұл – жастарға қажетті еңбек дағдыларын беру және алғашқы жұмыс орнына бейімдеу мақсатында жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің қосымша шарасы. Бұл бағдарлама қатысушылары – бірінші рет жұмыс іздеп жүрген түлектер, 29 жастан аспаған жастар қатарындағы жұмыссыз адамдар, оның ішінде NEET санатында жұмыс тәжірибесі жоқ жандар.

«Бағдарламаның ұзақтығы кемінде 24 айды құрайды. Жергілікті бюджеттен айына субсидия (жалақы) мөлшері 20 АЕК – 58 340 теңгені құрайды. Бүгінде аталған бағдарлама бойынша мемлекет 37 адамды жұмысқа орналастырды», - деді Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Халықты жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары Мұрат Аманшиев.

Орталық ЖОО түлектеріне жастар практикасынан өтуді ұсынады, онда олар алған мамандығы бойынша университетті бітіргеннен кейін бастапқы жұмыс тәжірибесін ала алады. Бағдарламаға оқуды аяқтағаннан кейін 3 жыл ішінде 29 жасқа дейінгі жастардың қатысуына болады. Оның ұзақтығы 6 айдан аспайды. Ай сайынғы жалақы 25 АЕК құрайды. 2021 жылы орталық осы бағытта 497 адамды жұмысқа орналастырды.

Ал алдын ала кәсіптік даярлаудан өтуін талап етпейтін жұмыссыз азаматтар үшін орталықта оларды уақытша жұмыспен қамтамасыз ету үшін әлеуметтік пайдалы бағыттағы қоғамдық жұмыстар ұсынылады. Ұзақтығы 12 айдан аспайды, 2 387 адам жұмысқа орналастырылды. Жалақысы кемінде 2 ЕТЖ мөлшерінде (жалақысы – 85 000 теңге, беріледі – 73 100 теңге).

Бұдан бөлек, жұмыс беруші жұмыссыздарды, оның ішінде табысы аз және көпбалалы отбасылардың мүшелерін, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған адамдарды және халықтың әлеуметтік осал топтары қатарындағы басқа да адамдарды жұмысқа орналастыру үшін олардың жалақысын субсидиялай отырып, әлеуметтік жұмыс орындарын құрады. Ұзақтығы 12 айдан аспайды. Ай сайынғы субсидия мөлшері белгіленген жалақы мөлшерінің 35% құрайды. 164 адам жұмысқа орналастырылды.

Биыл 30 шілдедегі жағдай бойынша Жұмыспен қамту орталығының есебінде 5 252 жұмыссыз азамат тұр. Елордада Денсаулық сақтау саласында кадр тапшылығы байқалады. Медицина саласындағы ең көп сұралатын бос жұмыс орындарының бірі – әртүрлі мамандықтағы дәрігерлер, медбикелер мен мейіргерлер, фармацевтер. Сауда саласында да бос орындар аз емес. Мұнда әсіресе сатушылар, кассирлер, менеджерлер, супервайзерлер және мерчендайзерлер қажет.

Бүгінде Нұр-Сұлтанда сұранысқа ие 10 мамандық бар:

  • Әртүрлі категориядағы мұғалімдер
    • Тәрбиешілер
    • Дәрігерлер
    • Бухгалтер
    • Автокөлік жүргізушісі
    • Сатушы-кассирлер
    • Инженерлер
    • Электргазбен дәнекерлеушілер
    • Монтаждаушы

Сонымен қатар Халықты жұмыспен қамту орталығы тұрақты түрде бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізіп тұрады. Жұмыс берушілер жәрмеңкелердің тиімді екенін, соның арқасында қоңыраулар саны мен сұхбатқа жазылу айтарлықтай артатынын атап өтті. Еңбекшілердің орташа жалақысы 120 000 теңгеден басталады.

Пандемия мен карантин кезінде Жұмыспен қамту орталығының қызметтерін қашықтан пайдалануға болады. Ол үшін enbek.kz электрондық еңбек биржасының сайтына кіру керек, тіркеуден өтіп, қызықтыратын бос орынды таңдаңыз. Сондай-ақ осы интернет-ресурста жұмысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлемдерді тағайындау қызметін пайдалануға болады. Барлық қосымша мәліметтерді Жұмыспен қамту орталығының мамандарынан телефон арқылы білуге болады: 57-88-88, 57-87-00, 8 777 116 82 76.