«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының жеңімпаздары анықталды

«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының жеңімпаздары анықталды

Биылғы сайыстың ережесіне сәйкес 17 отбасының әрқайсысы 5 миллион теңгеге ие болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оларды онлайн өткен іс-шарада мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев марапаттады. Ал ел Президенті атынан берілетін естелік сыйлықтарды өңір әкімдері табыстады. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев жеңіс тұғырынан көрінген үлгілі отбасыларға сәлемін жолдады. «Қазақ қашан да ата-ананы сыйлаған, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білген. Қазіргі жаһандану заманында рухани құндылықтарды халқымыздың өмір салтына айналдыру – аса маңызды міндет. Жыл сайын Отбасы күніне орай өткізілетін ұлттық конкурс бұған зор үлес қосуда. Оның әсіресе, жастар үшін берер тағылымы мен тәлім-тәрбиесі зор» - делінген Президент құттықтауында. Ұлттық жоба 2013 жылдан бері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен өтіп жатыр. Биыл өңірлік конкурсқа барлығы 2768 өтінім келіп түскен. Жаңа ережеге сәйкес өтінімдер заңды тұлғалардан да қабылданды.

Қырымбек Көшербаев, ҚР мемлекеттік хатшысы:

- Бұл мереке - әрбір қазақстандық отбасы үшін айрықша күн. Дәстүрлі түрде осы мерекенің қарсаңында біз ҚР Тұңғыш Президенті Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасы бойынша мерейлі отбасы байқауының жеңімпаздарын марапаттаймыз. Осы жылдар ішінде «Мерейлі отбасы» байқауына республика бойынша 18 мыңнан астам отбасы қатысты. Олардың әрқайсысы үздік отбасылы дәстүрлер мен ұстанымдардың үлгісіне айналды.