СҚО-ның Бостандық ауылынан көшіп кеткендер қайтып оралып жатыр

Қайта түлеген ауыл. Солтүстік Қазақстан облысында тұрмысы тұралап қалған Бостандық ауылының тірлігі қайтадан түлей бастады. Елді мекенде ескі ғимараттар жөнделіп, тұрғындардың жеке қаражатына жаңадан әлеуметтік нысандар салынып жатыр. Тіпті көшіп кеткен ағайын қазір елге оралуда. 

- Сәлеметсіздер ме, құрметті балалар. Бүгін сендерде қазақ әдебиеті сабағы. Бүгінгі сабақтың тақырыбы Жүсіп Баласағұн. 

Санжар Сабыр өзі оқыған мектепке биыл жас маман болып жұмысқа орналасты. Оқушыларға қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ береді. Арманы туған жерін түлету. 

Санжар Сабыр, жас маман:

- Барлық жағдай жасалған. Не себепті жастардың ауылға келмейтіндігін түсінбеймін. Біріншіден, сол жастарға үлгі көрсетіп, ауылда тұруға болатындығын, ауылда да жұмыс істеуге болатындығын, ауылда да керемет өмір сүруге болатындығын көрсеткім келді. Өзіме сабақ берген ұстаздармен жұмыс жасау үйреншікті нәрсе емес. Себебі кезінде кейде ұрыс естідік, кейде ақылдарын естідік. Сол мұғалімдермен енді қатарласып, терезем тең болып жұмыс жасау әрине қиындау. 

Тоқырау жылдары Бостандық ауылының тоз-тозы шықты. Тұрмысы тұралап, ажары қашты. Халықтың ауызбіршілігінің арқасында ахуал оңалып келеді. Қазір мұнда ескі клуб қайтадан жаңғыртылып жатыр. Мәдениет ошағы сәтін салса жыл соңында халық иігілігіне беріледі.

- Бұл намазхана. Биылғы жылы ауыл жігіттерінің ұйымшылдығымен көтерілген үй. 

Тұрғындар ешкімге алақан жайған емес. Биыл екі жарым айда 10 миллион теңге қаржы жинап, жаңадан намазхана тұрғызған. Қазір құдайға құлшылық қыламын дегендер осында жиналады. 

Қадырбай Ережепов, Бостандық ауылының тұрғыны:

- Ауылдың ішінде тұрмыс жағдай шалағай болды. Сосын барып бәрі көшуге айналды. Сосын сол ауылды ұстау үшін бір қарекет қылу керек қой. Сосын барып осы ауылдың жастары жиналып, ауылға бір намазхана салайық, сонда халық көшпес. Келешекте керек нәрсе ғой деп бастап салдық осыны.

Соңғы екі-үш жылда ауылға оңтүстіктен 10 шақты отбасы қоныс аударды. Оларға үй салынып, жағдай жасалды. Енді жаңа дүкеннің жанынан наубайхана жұмысын бастамақ. 

Зәмзәгүл Сыздықова, сатушы:

- Алдағы уақытта осы жоспарымызда наубайхана ашылады деп жатыр. Жақын жерден оңды болды. Халық көрші ауылдарға жүгірмей осы бір жерден өз нанымызды пісіріп, тұтынамыз деп отырмыз.

Ауылда қазір 60-тан астам үй түтін түтетіп отыр. Ал кезінде олардың саны екі есе көп болған.

Самат Қайырденұлы, тілші:

- Бостандық бірлігі бекем елді мекен. Қазір мұндағыларды тек екі-ақ мәселе алаңдатып отыр. Алғашқысы – ол жол. Және ұялы байланыс жоқ. Сондықтан тұрғындар жақын күндері қос проблема шешілсе деген тілектерін білдіріп отыр.  

Самат Қайырденұлы, Руслан Әлиев