Түркістан облысында күзгі жиын-терім басталды

Түркістан облысында күзгі жиын-терім басталды

Түркістан облысында жеміс-жидек жиын-терімі басталды. Биыл көктемдегі аяз салдарынан өнімнің біраз бөлігін үсік шалған еді. Кейін қуаңшылық та едәуір қиындық туғызды. Дегенмен, бағбандар облыс нарығын жеміс-жидекпен қамтамасыз етіп, қалғанын өзге өңірлерге жөнелтіп жатыр.

140 гектарға жуық аумақты қамтитын баққа үш жыл бұрын италиялық алма көшеттері егілді. Жас көшеттерді тамшылату әдісімен суарған. Биыл сол 265 мың түп жеміс ағашы өнім бере бастады. Құнарлы жерге егілген Грении Смит, Айдаред, Алтын алма, Гала сынды сұрыптар кезең-кезеңімен теріліп, еліміздің солтүстік аймағына жөнелтілуде. Шаруалар төккен теріміз текке кетпеді деп отыр.

Кенжеғали Әбдіхалықов, агроном:

– Бізде биыл естеріңізде болса керек февральдің артқы жағында қатты қар жауды. Көп жерде алма суық ұрып кетті. Бірақ бізде табиғаттың бір ерекшелігі болса керек деп ойлаймын. Өйткені Қазығұрт тауы киелі тау ғой. Сол киесі біздің өнімді сақтап қалған деп ойлаймын. Негізінде қатты суық болатын болса арасына от жағамыз.

Күніне 50- ге жуық ауыл тұрғыны осында тұрақты еңбек етеді. Жиын-терім кезінде қосымша жұмыс күші  жұмылдырылады.Алма бағына қойылған тіреуіш бағандары, күннен қорғайтын тор және тамшылатып суғару жүйесі нәтижесін беріп жатыр. Одан бөлек, қажырлы еңбек пен жүйелі жұмыс  тағы бар. 

Бағдат Қайыпбеков, бригадир:

– Тауда жинаймыз. Сосын астыда бар. Мынау бар. Сосын артық суларды қысыммен жауынның, бұлақтың суларын бір жерге тоғандар жасап, арнайы артығымен жинап алғанбыз. Соның арқасында биылғы жылы қуаңшылықтан аман-есен шығып отырмыз. Арнайы насос станциясы. Барлығы осы жерде фильтр арқылы шығады. Барлығы сүзгіден өтіп, арнайы дәрумендер беріліп бауға жіберіледі.

Сондай-ақ Төлеби ауданындағы екі ауылда қарақат, таңқурай, құлпынай өсіріледі бар. Ерекше бапты талап ететін шаруаның бірін  Қалима Жанқалова игеріп отыр. 5 гектар алқапға Польшадан арнайы элиталық көшеттерді әкіліп отырғызған. Көпшіліктің  сұранысына ие болған жидектердің биыл бойы аласа, өнімі өткен жылдағыдан аз болыпты. Оның бар себебі- көктемгі салқыны мен жаздың аптап ыстығы.

Қалима Жанқалова, шаруа:

– Үлкен нарыққа шығып жатқан жоқпыз. Өзіміз осы аудан, облыстан бір адам алып, оны мақтағаннан кейін качествосы жақсы, қырғыздардыкі сияқты езіліп кетпейді, келгендер бір-бірінен естіп Жетісай, Сарыағаш, Түркістаннан келіп алып кетеді бізден. Былтырға қарағанда биыл енді сәл аздау болып жатыр. Оның үстіне малина сәл кештеу басталды. Былтыр ерте басталып еді.

Алайда биылғы табиғаттың тосын мінезіне қарамай жеміс-жидек пен көкөністің көлемі күткендегідей болды. Мамандар сауда сөрелерін толтырып, алыс-жақын аймаққа қажетті өнімді жіберіп отырмыз дейді.

Оңласын Бектай, Төле би аудандық ауылшаруашылығы бөлімі басшысының м.а:

– Жеміс-жидек биылғы жылы жалпы аудан бойынша 11 мың тонна өнім алымыз деп жобаладық. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 105 % құрады. Одан бөлек астық дақылы бізде 35 мың тонна жиналды. Мақсарыдан 9 мың тонна күтілуде. Көкөністен 31 мың тонна, картоптан 21 мың тонна жиналу көзделіп отыр.

Қазір аудандық шаруалар бір алқаптан бірнеше өнім алу ісіне мән берген. Сұранысты өтеп, жерді тиімді игерудің жалғыз жолы осы дейді олар.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Азамат Саметов, Нұрмахан Бекмұратов