Алматыда «Бюджетке қатысу» жобасының жаңа кезеңі басталды

Алматыда 2022 жылға арналған «Бюджетке қатысу» жобасының жаңа кезеңі басталды. Бұл жөнінде Алматы қаласының стратегия және бюджет басқармасының басшысы Алмас Батанов онлайн-брифингте мәлімдеді. Жобаға мегаполисті дамыту бойынша идеясы бар кез келген тұрғын қатыса алады. Жобаның ең жоғарғы құны 58 миллион теңге.

«Бюджетке қатысу» жобасы 2019 жылдың тамыз айында жүзеге асқан болатын. Бұлжобаға қаланы көркейткісі келетін кез келген тұрғынның қатысуына мүмкіндік бар. Яғни аулалар мен гүлзарларды абаттандыру бойынша өзінің тың идеясын ұсынған адам көп дауыс жинаса, оның бастамасы қалалық бюджет есебінен қаржыландырылады.

Алмас Батанов, қалалық стратегия және бюджет басқармасының  басшысы:

- Биыл бір жобаның ең жоғарғы құны 58 миллион теңгеден аспауы қажет. Бұл шамамен 20 АЕК. Жоба бойынша Алматыдағы 8 ауданның әрқайсысына қала бюджетінен 800 миллион теңге бөлінеді.  Нәтижесінде жалпы сома 6,4 миллиард теңгені құрайды.

Алматылықтар өз өтінімдерін budget.open-almaty.kz порталына жібере алады. Бұл жерде жұмыстың барлық кезеңдері жазылған. Яғни өтініш беру сәтінен бастап, дауыс беру қорытындысы да көрініп тұрады. Мамандар көбіне аулалар мен саябақтарды, скверлер мен су арықтарын жөндеу және спорт пен ойын алаңдарын орнатуға көптеп дауыс беретінін айтады. 

Мария Тілеубаева, қала тұрғыны:

- Жыл бұрын ауламыз адам шошырлық күйде болған. Өткен жылы қыркүйек айында осы «Бюджетке қатысу» жобасы бойынша өз ұсынысымызды жеткізіп, 150-ден аса дауыс жинадық. Қазір міне өздеріңіз көріп отырғандай, бала да мәз, біз де қуаныштымыз. Машина тұрағынан бөлек балалардың ойнайтын алаңқайы және тұрғындар демалып отыратын шатыршаны жасап алдық.

Әр жобаға қоғамдық кеңес мүшелері мен сарапшылар және мәслихат депутаттары мен ПИК өкілдері де баға береді. Халық тарапынан 10-нан төмен дауыс жинағандар өз жобаларын жүзеге асыра алмайды.

Жандос Айтбайұлы, Әбен Нарынбаев