ТЖМ: Жазғы шомылу маусымында елде 319 адам суға кеткен

Жазғы шомылу маусымында елде 319 адам суға кеткен. Оның 95-і бала.

Қайғылы оқиғалардың дені Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарында орын алған. Төтенше жағдай министрлігінің өкілі Қанат Тұрысбаевтың хабарлауынша, мас күйінде суға түсетіндер азаймай тұр. Елде 150 мың табиғи және жасанды су қомасы бар. Оның 538-інде ғана суға түсуге рұқсат етілген. Бұл былтырғыға қарағанда 93 орынға көп. Судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 454 құтқару және 66 медициналық бекеті құрылған. 59 маусымдық мобильдік-құтқару бекеті жасақталды. Су қоймалары бойына 6655 қауіпсіздік белгісі қойылды. 33 мыңға жуық жүзуге үйретілді. Бұл жұмыстарға 18 мың ерікті тартылды. Шомылу маусымындағы қауіпсіздікті бақылау үшін ел көлемінде 76 мыңнан аса патрульдік рейд жүргізілді.

Қанат Тұрысбаев, ҚР ТЖМ азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің басқарма бастығы:

– Жылу мауысымының аяқталуына қарамастан, құтқарушылар су акваторийларында адамдардың өлімінің алдын алу бойынша профилактикалық жұмыстарын жалғастырып жатқанын айтып кеткім келеді. Өйткені күз басталысымен аң аулау және балық аулаушылардың қаза болуына жол бермеу мақсатында су айдындарында қауіпсіздікті сақтау қажеттілігін тағы да еске саламын.