2023 жылы СҚО-да жаңа май зауыты ашылады

2023 жылы Солтүстік Қазақстан өңірінде жаңа май зауыты ашылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жергілікті «МаслоДел» компаниясы Қазақстанның даму банкімен тиісті келісімге қол қойды. Қаржы ұйымы бұл жобаны жүзеге асыруға 11 миллиард теңге бөлді. Өнім негізінен экспортқа шығарылады.

2023 жылы отандық «МаслоДел» компаниясының зауыты ашылғанд, жаңа 217 жұмыс орны пайда болады. Кәсіпорын өсімдік майы мен ірі қара малға берілетін жем-шөп экспортын едәуір арттыруға мүмкіндік береді.

Павел Селиванов, «МаслоДел» ЖШС директоры:

- Бұл зауыт тәулігіне 1200 тонна өнім өңдейді. Мұнда күнбағыс, соя, зығыр, рапс майларын шығарамыз. Сонымен қатар жылына 180-300 мың тонна майлы дақылдар тұқымын қайта өңдеу жоспарда бар. Қазір біз еліміздегі сұранысты толық қамтамасыз етіп отырғандықтан, жаңа зауытта әзірленген өнімдерді экспортқа шығарамыз. Майды Қытайға, ал майлы тұқымдарды Еуропа елдері, Ресей және Қытайға жөнелтпекшіміз.

Әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті болу үшін «МаслоДел» компаниясы дақылдарды суық сығу технологиясын енгізбекші. Бұл шет мемлекеттер арасында зауыт өнімдеріне деген сұранысты едәуір арттыруға тиіс. Жобаның жалпы құны 15 миллиард теңгені құрайды. Аталған соманың  73%-ін, яғни, 11 миллиард теңгені Қазақстанның даму банкі беріп отыр.

Әділ Исмағамбетов, Қазақстан даму банкінің басқарушы директоры:

- Банктің қаржыландыруы 12 жылға есептелген. Біз жобаның қаншалықты тиімді болатынын алдын ала анықтап алдық. Кейін қолдау туралы шешім қабылданды. Жалпы азық-түлік өнеркәсібі банк портфелінің 2,5%-ін құрайды. Яғни, қазір біз сомасы 41 миллиард теңгені құрайтын 20 жобаны кәсіпкерлермен бірлесіп атқарып отырмыз.

Бұл жоба «Бизнестің жол картасы 2025» және индустриялық-инновациялық дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында іске асырылмақ. Банк берген кредиттік қаражат есебінен зауытты іске қосу жұмыстарымен қатар өндіріске қажетті жабдықтарды сатып алып, монтаждау жоспарда бар.

Авторлары: Дариға Ташенова, Марат Диханбаев