Елімізде емханаларға тіркелу науқаны 15 қарашаға дейін жалғасады

Елімізде емханаға тіркелу науқаны жүріп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазақстандықтар қарашаның 15-іне дейін қалаған дәрігері мен емдеу ұйымына ауыса алады. Ал міндетті медициналық сақтандыру қорына жарна салмайтын адамдар не істейді? Олар бұл мүмкіндікті пайдалана ала ма?

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

- Надежда Арсобова темір жол саласында еңбек етіп, зейнетке шықты. Бұған дейін дәрігерге жұмыс орны бойынша қаралып келген ол енді үйіне жақын емханаға ауысып жатыр.

Надежда Арсобова, қала тұрғыны:

- Небәрі 5-ақ минут болдым. Тез тіркеді. Енді тұрғылықты мекенжайым бойынша қызмет аламын.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

- Бұл – Петропавлдағы ең ірі аумақтық емхана. Оған 82 мың адам тіркелген. Енді олардың қатары тағы да артуы мүмкін. 15 қыркүйектен бастап Қазақстанда жылына бір рет өтетін тіркеу науқаны басталды.

Фарида Атантаева, қалалық №2 емхананың статисті:

- Артымыздағы 5 күнде 170 адам тіркелді осы науқан бойынша. Тіркелген адамдар әртүрлі. Өзінің тұрғылықты жерін ауыстырған немесе басқа қаладан көшіп келгендер, ауылды жерлерден көшіп келгендер. Бізді өзі таңдап келген адамдар.

Бұл таңдауды міндетті медициналық сақтандыру қорына тіркелмеген тұрғындар жасай ала ма? Солтүстік Қазақстан облысында ондай 130 мыңға жуық адам бар.

Гүлнәр Қалиева, Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы:

- Жалпы халықта мұндай ұғым бар – егер де менде міндетті медициналық сақтандыру болмаса, мені ауруханада қабылдамайды деген. Бірақ бұл қате ұғым. Себебі ауруханада міндетті түрде қаралады. Оған кепілдендірілген медициналық көмек көрсетіледі.

Қалауың бойынша тіркелу қаланың бір шетінде тұрып екінші шетіндегі емханаға ауысу деген сөз емес. Ол дәрігерлерге де қиын. Мысалы қазір бір терапевтке 2200 адамға дейін бекітілген.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Руслан Әлиев