Нұр-Сұлтанда ұстаздар қауымының құрметіне салтанатты концерт өтті

Нұр-Сұлтанда ұстаздар қауымының құрметіне салтанатты концерт өтті

Қазақстанда қазан айының бірінші жексенбісінде атап өтілетін Ұстаздар күні қарсаңында «Астана» концерт залында елорда педагогтерінің құрметіне салтанатты концерт өтті, деп хабарлайды «Хабар 24» қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Мұғалімдердің құрметіне арналған салтанатты кеште «Астана» концерт залының сахнасынан әлемдік классиканың өшпес жауһарлары, мұғалімдерге және олардың баға жетпес еңбегіне арналған танымал композициялар шырқалды.

Концерт қонақтары үшін елордалық филармонияның симфониялық және үрмелі оркестрлері, камералық хор, Ғазиза Жұбанова атындағы Мемлекеттік ішекті квартеті, «Туған жер» балалар хоры, «ALEM» эстрадалық би ансамблі өнер көрсетті.

Мұғалімдерге музыкалық құттықтауларды ҚР Еңбек сіңірген қайраткерлері Алтынай Жорабаева, Светлана және Қанат Айтбаевтар, «Құрмет» орденінің кавалері Қайрат Баекенов және «Формат» тобы, халықаралық байқаулардың лауреаттары және филармонияның басқа да солистері жолдады.

Іс-шара барлық санитарлық нормалар мен карантин талаптарын сақтай отырып өтті.

Айта кету керек, жақында Қостанайда «Үздік педагог-2021» республикалық байқауының қорытындысы шығарылды. Оның қорытындысы бойынша 5 елордалық мұғалім жеңімпаздар тізіміне енді. Олардың қатарында: №28 «Жұлдыз» санаториялық балабақшасының қазақ тілі мұғалімі Гүлшат Тұтқышева, Мәшһүр Жүсіп атындағы №57 орта мектебінің география пәні мұғалімі Сарвар Құлметов, №1 Балалар музыка мектебінің хореография бөлімінің меңгерушісі Бағдина Секербек, Көлік және коммуникация жоғары колледжінің арнайы пәндер оқытушысы Шолпан Бабаева, кәсіптік-техникалық колледждің өндірістік оқыту шебері Бейбіт Бибосынов бар.

Бұған дейін мұғалімдер мен педагогикалық еңбек ардагерлерін елорда әкімі Алтай Көлгінов кәсіби мерекелерімен құттықтады.

Осылайша, «Нұр-Сұлтан қаласының құрметті педагогы» атанған мұғалімдер 1 млн теңге көлемінде ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Бұл тәжірибе өткен жылы ақшалай қаражат бөлу арқылы енгізілді. Сондай-ақ, педагогтер «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері» және «Ы.Алтынсарин» дипломдарымен және басқа да үш оқу орнына - №7 «Аққу» балабақшасына, №85 мектеп-лицейіне және Astana Polytechnic жоғары колледжіне 7 млн теңгеден гранттар берілді.