Қыркүйекте Қазақстан ТМД елдеріне 2,7 млн тонна көмір экспорттады

Қыркүйекте Қазақстан ТМД елдеріне 2,7 млн тонна көмір экспорттады

«ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС Бас директорының орынбасары Қанат Көбесов «Самұрық-Қазына» АҚ алаңында өткен брифинг барысында алдағы жылыту маусымына көмір тасымалдау туралы айтып берді, деп хабарлайды Хабар 24 «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қанат Көбесовтің мәліметінше, ағымдағы жылдың 9 айында көмірді жалпы тиеу өткен жылмен салыстырғанда 4% өсіп, 76,6 млн.тоннаны құрады. Қазақстандық тұтынушылар үшін 53,5 млн.тоннасы тасымалданса, бұл 2020 жылдың 9 айы деңгейінен 2% жоғары. Оның ішінде Қазақстанның негізгі ЖЭО - сына 47,4 млн. тонна, ал тұрғындар үшін 6,1 млн. тонна қатты отын тиелді.

«Бірінші кезекте, темір жол ЖЭО мен тұрғындар қажеттіліктерін толық көлемде жабады. Біздің жоспарымыздан сәл артта қалу себебі, Қазақстанның оңтүстік өңірлері көмірді жеткізуге енді өтінім бере бастағанына байланысты, өйткені елдің оңтүстігінде салыстырмалы түрде жылы ауа райы байқалады. Бұл ретте Қазақстанның солтүстік өңірлері коммуналдық-тұрмыстық көмірмен толық қамтамасыз етілген», – деді спикер.

Ағымдағы жылдың қыркүйек айында темір жол көлігімен 8,8 млн.тонна тас көмір тасымалданса, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 3,7% жоғары. Оның ішінде ТМД елдеріне экспортқа 2,7 млн. тонна қатты отын тиелді. Ел ішінде 6,1 млн. тонна тасымалданды. Өткен жылға қарағанда өсім 5,4% құрады. Оның ішінде жылу электр орталықтарына 5 млн.тоннасы жеткізілді, бұл 2020 жылдың қыркүйегіне қарағанда 8,5%  жоғары.

Ағымдағы жылдың 5 қазанындағы жағдай бойынша елімізде жұмыс істеп тұрған 28 ЖЭО-да көмірдің нормативтік қоры қамтамасыз етілген.

«ЖЭО-ларға көмір тиеу жұмыстары тәулік сайын бақылауда, айналма маршруттар ұйымдастырылды. Жүк вагондарымен қамтамасыз ету тиісті деңгейде жүргізілуде», – деді Қ.Көбесов.

«Бүгінгі таңда ҚР темір жол желісіндегі ашық вагондар паркі жеткілікті көлемде. Жүк жөнелтушілер жартылай вагондарды жалдау бойынша шарттық жұмысты уақтылы жүргізді және көмір маусымына күні бұрын кешігусіз кірді. Бұл оңды факт, оны атап өту керек», – деді спикер.

Қазақстан аумағында 64 мыңнан астам ашық вагон бар, олардың 55% қатты отынды тасымалдауға тартылған. Оның ішінде 21 мыңнан астам ашық вагон «ҚТЖ» ҰК» АҚ «еншілесі» – «Қазтеміртранс» АҚ-ға тиесілі, олардың 66% көмір тасымалдауға тартылған.

Көмір тасымалдау тарифінің өсуі болған жоқ және жыл соңына дейін жоспарланбаған. Бұл ретте, көмір тасымалдау тарифі қара металдарды тасымалдау ставкасынан бес есе, орман жүктерінен 2,5 есе төмен.

«Барлық темір жол қызметтері тәулігіне 24 сағат жұмыс істейді. Біз диалогқа және туындаған барлық сұрақтарға жедел жауап беруге дайынбыз», – деп түйіндеді Қ.Көбесов.