Елбасы кітапханасында «Менің елімнің мәдени мұрасы» көрмесі ашылды

Елбасы кітапханасында «Менің елімнің мәдени мұрасы» көрмесі ашылды

Бүгін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының музейінде Қазақстан мен Индонезияның балалар мен жасөспірімдер арасындағы «Менің елімнің мәдени мұрасы» атты халықаралық байқауының қорытындысы бойынша көрменің ашылуы өтті, деп хабарлайды Хабар 24 «ҚР Тұңғыш Прзеиденті – Елбасы кітапханасы» ММ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Байқауды Елбасы кітапханасы, Қазақстан Республикасының Индонезия Республикасындағы елшілігі, Индонезия Республикасының Қазақстан Республикасындағы елшілігі, Индонезия Республикасының Ұлттық кітапханасы және Нұр-Сұлтан қаласындағы Балалар көркемсурет мектебі – ЮНЕСКО клубы ұйымдастырды.

Қатысушыларды Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат құттықтады: «Бұл іс-шара Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және Индонезия Республикасы Тәуелсіздігінің 76 жылдығына арналған. Екі елдің балалар мен жасөспірімдер жұмыстарының көрмесі Қазақстан мен Индонезия арасындағы мәдени ынтымақтастық пен құндылықты, адамзат қоғамдастығының бөлігі саналатын достық қарым-қатынасты көрсетеді. Байқауға қатысқан қос елдің талантты жас буынын құттықтай отырып, жаңа шығармашылық табыстар тілеймін!».

Жобаның негізгі мақсаты – балаларды Қазақстан мен Индонезияның мәдениеті мен шығармашылығымен таныстыру, сондай-ақ олардың жеке әрі шығармашылық әлеуетін ашуға жағдай жасау. Байқау қорытындысы бойынша 60 үздік жұмыс іріктеліп, көрмеге қойылды.

«Қазақстан мен Индонезияның ортақ тұстары көп, олардың бірі – біз мәдени ортада ғұмыр кешіп жатырмыз. Біздің елдеріміз – азаттық алған жылдар ішінде қоғамдық және этносаралық келісімді сақтап, нығайта алған көпұлтты мемлекеттер. Жас буынның жұмыстарынан осы құндылықтарды аңғаруға болады. Байқауға қатысқан жастар барын салды, олардың бұл еңбектері жоғары бағаға лайық», – деп атап өтті Қазақстан Республикасының Индонезия Республикасындағы Елшісі Данияр Сарекенов өзінің бейне-жолдауында.

Өз кезегінде Индонезия Республикасының Қазақстан Республикасындағы экс-елшісі Рахмат Прамоно балалар өз шығармашылығы арқылы Отанға, бейбітшілік пен достыққа деген сүйіспеншілікті дәріптейтін әлемнің елшілері екенін атап өтті.

«Өнерге деген сүйіспеншілікті дамытатын шығармашылық бағдарламалар балаларға басқа ұлттарды танып-білуді, құрметтеуді үйретеді. Сондай-ақ әлемдегі мәдениеттер мен дәстүрлерді бағалайтын болады. Екінші жағынан, екі елдің балалары мен жастарының әдемі суреттері – олардың туған жерге деген мақтанышы мен махаббатының адал көрінісі. Достықты ту еткен әр елдің жас елшілері саналатын барша жеңімпаздарды құттықтаймын. Индонезия мен Қазақстан арасындағы достықты нығайтуға өз үлестерін қосқан барлық қатысушыларға ризашылығымды білдіремін».

Индонезиялық қатысушылар мен жеңімпаздар, сондай-ақ Индонезияның Джакартадағы Ұлттық кітапханасы іс-шараға Zoom бейнебайланыс арқылы онлайн қатысты.

«Салтанатты шараның Қазақстан мен Индонезияның тәуелсіздік күні қарсаңында өтіп жатқаны қуантады. Индонезия Ұлттық кітапханасы елдеріміз арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған қарым-қатынасты толық қолдайды. Осы байқаудың көрме секілді достық байланысты одан әрі дамытуға үлкен үлес қосатынына сенімдімін. Біздің бірлескен ынтымақтастығымыз екі ел балаларының шығармашылық жетілуіне серпін береді», – деді Индонезия Республикасы Ұлттық кітапханасының басшысы Мухаммад Сиариф Бандо.

«Бұл байқауға қатысу арқылы ең алдымен Қазақстан тарихына, мәдениетіне тереңірек үңілгім келді. Сол себепті де екі елдің достығы туралы тақырыпты таңдадым. Оған қоса, халықаралық деңгейде шығармашылығымды дамытуды көздедім. Алдағы уақытта қазақ еліне сапарлап, сол мемлекетті асықпай аралағым келеді», – деп ой бөлісті Индонезияның Богор қаласынан байқауда бақ сынаған 7-сыныптың оқушысы Кезиа Черрил.

Қазақстан мен Индонезияның балалар мен жасөспірімдер арасындағы «Менің елімнің мәдени мұрасы» атты халықаралық конкурс маусым айының басында жарияланған. Екі елдің 400-ге жуық балалары мен жасөспірімдері өз жұмыстарын Қазақстанның немесе Индонезияның дәстүрлері; Қазақстанның немесе Индонезияның аңыздары, фольклоры; Қазақстанның / Индонезияның көрікті жерлері (пейзаж); Қазақстан мен Индонезия арасындағы достық; мен өз елімде (Қазақстан/Индонезия) тәуелсіздік күнін қалай атап өтемін тақырыптары бойынша жолдаған.

Көрме аяқталғаннан кейін балалардың барлық жұмыстары 2021 жылдың желтоқсан айында Индонезияның Джакарта қаласындағы Ұлттық кітапханасында көпшілік назарына ұсынылатын болады.

«Менің елімнің мәдени мұрасы» байқауының Қазақстан Республикасы бойынша жеңімпаздары мен жүлдегерлері есімдерінің тізімі:

«Үздік композициялық шешім» номинациясы – Мәдина Жұмаділ

«Үздік түстер үйлесімділігі» номинациясы – Әлихан Аманжол

«Үздік бірегейлік шешім» номинациясы – Сұлу Мұқұжанова.

3 орын:

Каринэ Карапетян

Анастасия Левина

Іңкәр Берікбаева

2 орын:

Жәнел Досанова

Мерей Мырзахан

Айдана Арапбекова

1 орын:

Адиля Байболат

Амира Талғатова

Мирас Мәдиев

Гран-при:

Аруана Есетова

Зумрат Сейіт

Әзиза Төлеубаева

Индонезия Республикасы бойынша жеңімпаздар:

«Алуан түсті жұмыс» номинациясы – Алина Ловита

«Ең ерекше жұмыс» номинациясы – Зухра Сиифа Аулиа

«Үздік композициялық жұмыс» номинациясы – Джоанна Талента

А Категориясы бойынша

3 орын – Багуз Галих

2 орын – Наджла Виджаиа

1 орын – Чарлин Сувоно

Гран при – Кезиа Чарил Леттисиа

Б Категориясы бойынша

3 орын – Алмалиа Аззахра Валли

2 орын – Салсабила Сабира

1 орын – Шаун Натанеил

Гран-при – Анниса Путри Будхиананто

С категориясы бойынша

3 орын – Стэиси Ваниа Артур

2 орын – Левана Халим

1 орын – Диони Насива Адхеа

Гран при – Новена Мейлинд