Түркістан мен Жамбыл облыстарын жалғайтын жол пайдалануға берілді

Түркістан мен Жамбыл облыстарын жалғайтын жол пайдалануға берілді
Түркістан облысы әкімдігі

Түркістан облысының Созақ ауданы мен Жамбыл облысының Сарысу ауданын жалғап жатқан жолдың тозығы жеткен болатын. Аталған жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, толық пайданалануға берілді, деп хабарлайды Хабар 24 Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

Түркістан облысы аумағындағы 24 шақырым жол 2020 жылдың тамыз айында басталып, биыл аяқталып отыр. Жаңа жолдың ашылу салтанатына екі облыстың сала басшылары мен ақсақалдары арнайы қатысып, қуаныштарымен бөлісті.

Сондай-ақ қазіргі таңда Кентау қаласы мен Түркістан халықаралық әуежайын жалғайтын жаңа жолдың құрылысы жүріп жатыр. 2020 жылдың желтоқсан айында басталған жөндеу жұмыстары 2022 жылы аяқталады деп жоспарланған. Жобаның жалпы құны 8 млрд теңгеден асады.

Түркістан облысында жол жөндеу жұмыстары қарқынды. Соның бірі – Кентау қаласындағы облыстық маңызы бар «Жамбыл облысы шекарасы-Құмкент-Шолаққорған-Ащысай-Р-31» автомобиль жолының 76-91 шақырымына орташа жөндеу жұмыстарының жүруі. Жолды жөндеу жұмыстары 2021 жылдың қыркүйек айында басталған. 2022 жылы пайдалануға берілмек. Жалпы ұзындығы – 15 шақырым.

Сонымен қатар Бәйдібек ауданындағы облыстық маңызы бар «Екпінді-Шалдар-Сарқырама-Кеңес-Бірлік» автомобиль жолына орташа жөндеу жұмыстары жүруде. Келер жылы аяқталмақ. Жөндеуден өтіп жатқан жолдың ұзындығы 36 шақырымды құрайды.

Айта кетерлігі, Түркістан облысы құрылғалы 3 жылда өңірде 5 мың шақырымға жуық жол пайдалануға берілген.