«Әлеуметтік әмиян» пилоттық жобасы Қазақстанның 3 қаласында іске қосылады

«Әлеуметтік әмиян» пилоттық жобасы Қазақстанның 3 қаласында іске қосылады

ҚР Президенті жанындағы цифрландыруды енгізу мәселелері жөніндегі комиссия отырысында Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов «әлеуметтік әмиянды» енгізу бойынша жүргізілген жұмыстар туралы айтты.

Бақыт Сұлтанов айтып өткендей, 2021 жылдың соңына дейін 2 пилот өткізу жоспарланған.

Біріншісі - атаулы әлеуметтік көмекті (АӘК) орталықтандырылған төлеудің ұйымдастырушылық пилот.

Пилоттық жоба шеңберінде жергілікті атқарушы орган азаматтардың өтініштерін қарайды және АӘК тағайындайды, одан кейін АӘК алушылардың тізімі орталықтандырылған төлем үшін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ-қа беріледі.

Екіншісі - техникалық пилот, яғни «әлеуметтік әмиян» функционалын тестілеу, онда азаматтың таңдауына байланысты әлеуметтік көмек қаражаты не оның банктік шотына, не ҚР Ұлттық Банкі эмиссиялаған электрондық ақша түріндегі әлеуметтік әмиянға есептеледі.

Пилоттық өңірлер ретінде Нұр-Сұлтан, Павлодар, Ақкөл қалалары анықталды.

Іске қосуға дайындалып жатқан пилоттық жобалар мынадай нәтижелерге қол жеткізуге бағытталған:

- халық пен бизнес арасында әлеуметтік әмиян және бизнес-әмиян сервистерін апробациялау;

- кейіннен сервис сапасын жақсарту үшін халық пен бизнес тарапынан ұсыныстар/ескертулер жинау;

- кемшіліктерді анықтау және оларды барлық аймақтарда «әлеуметтік әмиянды» масштабтауға дейін жою.