Қазақстандықтар Сеул қарияларына көмек берді

Қазақстандық студенттер Сеулде қайырымдылық шарасын өткізіп, жергілікті қарияларға көмектесті. Игілікті іске Еуразиялық болашақ көшбасшылар қауымдастығының мүшелері, соның ішінде Қазақстан азаматтары да қатысты. 

Еуразиялық болашақ көшбасшылар қауымдастығының 36 мүшесі демалыста игі іске жұмылды. Олар қайырымдылық ұйымымен бірлесе отырып, жеке үй тұрғындарын көмірмен қамтамасыз етті.

Диас Шақұбаев, Еуразиялық болашақ көшбасшылар қауымдастығының өкілі:

– Сеулде қыста суық болғандықтан біз осы қауымдастығымызбен бірігіп, мұқтаж деген жанұяларға қол үшін беріп жатырмыз. Өйткені Сеулде әлі де жылу берілмеген жанұялар көп. Сонбукку ауданына көмірмен көмектесіп жатырмыз.

Бұл көмір негізінен қарт адамдарға қажет. Ал олар шалғай аудандарда тұрады. Бұл көмекті жеткізу үшін еріктілерге тауға шығуға тура келді.

Алматылық Дина Ахмедиева Кореяда алғаш рет ерікті болып жұмыс істеді. Корей тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша білімін жетілдіріп жатқан оған жергілікті халыққа көмектесу – игі іс әрі тіл байлығын шыңдауға жақсы мүмкіндік.

Дина Ахмедиева, ерікті:

– Бұл шара туралы танысымнан естідім. Ол – осы жобаның ұйымдастырушысы. Іс-шара Еуразиямен, ТМД елдерімен байланысты екенін айтқан кезде бірден келістім. Себебі мемлекеттер арасындағы қатынастың дамуына көмектескім келеді.

Сеулде көмірмен жылынатын жеке үйлердің саны жыл сайын 15 процентке азайып келеді. Қазір мұндай баспанада жүз мыңға жуық отбасы тұрады. Еріктілер көмірге мұқтаждардың тізімін жергілікті әкімдіктен алады. Олардың көбі – жалғыз тұратын қарт адамдар.

Вон Ги Джун, қайырымдылық ұйымының бас хатшысы:

– Біз мұндай көмекті 2004 жылдан бастап көрсетеміз. Бастапқыда еріктілерді табу өте қиын болды, бірақ қазір жыл сайын 60000-ға жуық адам қатысады. Бұл ауданда қарт адамдар көп. Көмірге мұқтаж 300-ге жуық отбасы бар. Сондықтан жыл сайын оларға отын жеткіземіз.

Еріктілер мұқтаж жандарға көмір тасумен шектелмейді. Болашақ көшбасшылар қауымдастығы отын сатып алуға мың долларға жуық қаржы бөлді.

Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян