ШҚО-да алтын қазушылар табиғатқа орасан зор зиян келтірді

ШҚО-да алтын қазушылар табиғатқа орасан зор зиян келтірді

Шығыс Қазақстан облысында алтын қазушы компаниялар табиғатқа орасан зор қиянат келтіріп жатыр.

Бұған Самар ауылы маңындағы жағдай дәлел. Елді мекеннен 30-40 шақырым жердегі Кенғарын алқабының бұл күнде астаң-кестеңі шыққан. Тау арасындағы әдемі табиғат мүйісінің әр жері қазылып, үйілген топырақ пен құм басып жатыр. Тіпті, осында жұмыс істеген компанияға тиесілі өндірістік қалдықтар да жиналмапты.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, сол жерден өтетін Құлынжон өзені де ластанған. Судың түсі өзгеріп, балығы жоғалған. Тұрғындар Кенғарында екі жыл бойы алтын қазушы компания жұмыс істеген дейді. Алайда істерін тындырып, бір күнде тайып тұрған көрінеді.

Самарлықтар мұндай алтын іздеушілер айылын жимаса, өлкеде экологиялық апат болуы мүмкін деп алаңдаулы. Ал экологтар Құлынжоннның бойында заңсыз жұмыс істеген жекеменшік кәсіпорынға шара қолданып жатқанын айтты. Олар оның Кенғарын аумағына қатысы бар ма, жоқ па, оны алдағы уақытта анықтаймыз деп отыр.

Александр Федосов, Самар ауылының тұрғыны:

– Ол жерде алтын іздеуші компания заңды түрде жұмыс істеген шығар. Бірақ қоршаған ортаға осыншалықты қиянат жасауға бола ма? Олар алтын қазуды білгенде, құнарлылықты қайта қалпына келтіру дегенді білмеді деп айта алмаймын. Сондықтан бұл істері – нағыз қылмыс. Қазір барлығы ғарыштан бақыланады. Бір жерге күрек тигізіп көрші, жауапқа тартыласың. Ал бұл компанияның осындай бассыздыққа барғанын қалайша ешкім байқамай қалған?

Рауан Тұраров, облыстық Экология департаменті басшысының орынбасары:

– Кенқарын деген участок бойынша полиция қызметкерлерімен бірге толық ақпарат жинайтын боламыз. Өйткені ол жердегі заңның сақталуы – ең бірінші полиция қызметкерлерінің мойнында. Ақпараттар жинаймыз, заң бұзушылықтар табылып жатқан жағдайда олар бойынша шара қолданамыз.