Қарағанды облысындағы «Абай» тігін фабрикасы қайта жанданды 

Қарағанды облысындағы «Абай» тігін фабрикасы қайта жанданды 

Қарағанды облысының Абай қаласындағы тігін фабрикасы қайта жаңғырды.

50 жылдық тарихы бар фабрика бір кездері тұралап қалған еді. Енді ғана бойына қан жүгіріп, қайта дами бастады. Жүзге жуық адам жұмысқа орналасты. Бұған дейін тек арнайы киім тіккен кәсіпорын енді көпшілікке арналған өнім шығаратын болды. Бірақ пандемия салдарынан тапсырыс берген маталары Қытайда тұрып қалған. Бұл кәсіпке қол байлау болып тұр дейді мамандар.

Көп жылдан бері қаңырап бос қалған бұл ғимараттың ішінде қайтадан қызу жұмыс жүреді дегенге о баста ешкім сенбеген. Бірақ фабрика басшысы Нұрхан Жұмабеков есік-терезесіз қалған фабриканы қалыпқа келтіруге бел  байлайды. Осылайша алдымен құжаттың қиындықтарын, артынша құрылыс мәселесін реттеді. Енді кадр мәселесін шешуге кіріскен.

Нұрхан Жұмабеков, «Абай» тігін фабрикасының басшысы:

– Колледжде жаңа тігіншілер бөлімі ашылды. Енді бізде 80 процент практика болады. Мысалы, қазір бізге 50 тігінші керек. Бір ауысым бос тұр деуге болады. Тапсырыс көп бар, тігінші жоқ.

Абай қаласы Қарағандыдан шамамен 25 шақырым жерде. Осыған қарамастан облыс орталығынан келіп жұмыс істегісі келетіндер аз. Есесіне тігін фабриканың құрастырушы-дизайнері Алматы қаласынан келіп жұмыс істеп жүр. Бас-аяғы мұнда 85 тігінші бар.

Мәриям Ерғали, «Абай» тігін фабрикасының құрастырушы-дизайнері:

– Өте үлкен мүмкіндіктер бар, өзіме ұнайтын киімдер жасауға болады. Маталарды таңдап, соған қатысты үлгілерді жаңадан ойластырып, соны компьютерде құрастырған өзіме өте қызықты.

Фабрика өнімінің 85 проценті арнайы киім болатын. Енді қарапайым халыққа арнап киім тігуді қолға алды. Фабрика жанынан арнайы дүкен ашылыпты. Оған көршілес қалалардан келіп киінетіндер  бар.

Қайрат Шектібаев, Қарағанды қаласының тұрғыны:

– Маған киім тігілген матаның сапасы ұнады. Оның үстіне отандық өндіруші болғаннан кейін аз-да болса қолдау көррсеткім келеді. Өзім Абай қаласында туғам, сондықтан бұл фабрика маған ыстық десем де болады. Осы себепті Қарағандыдан арнайы келдім.

Фабрика жақын арада қыстың киімдерін тігуге кіріспек. Бірақ пандемия салдарынан тапсырыс берген маталары Қытайда тұрып қалған, ал маталар Еуропа мен Өзбекстанға еш тоқтаусыз жеткізілуде. Бұл зауыттың тапсырысы не себепті тұралап қалғаны белгісіз. Сондықтан зауыт өкілдері жауапты мамандардан көмек сұрап отыр.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Аслан Демесбаев