Жайық пен Ертіс өзендерінің электронды моделі жасалады

Жайық пен Ертіс өзендерінің электронды моделі жасалады

Бұл туралы трансшекаралық су объектілерін бірлесіп пайдалану және қорғау жөніндегі Қазақстан-Ресей комиссиясының отырысында айтылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жиында талқыланған басты мәселелердің бірі – Жайық өзеніндегі су деңгейінің төмендеуі. Мамандардың айтуынша, бұл ең алдымен климаттық жағдайларға байланысты. Бірақ мұнда адами факторлардың да әсері бар. Еліміздің экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожаниязовтың айтуынша, Ресей Федерациясының аумағында Жайық өзенінің ағынына ықпал ететін 300-ден астам гидротехникалық құрылғы жұмыс істейді. Ал Жайықтағы су ағысы баяулағандықтан, айдын суы өздігінен тазаланбайды. Сондықтан өзенді тазалап, су деңгейін сақтау шаралары жалғасады. Сондай-ақ комиссия отырысында тараптардың бірлескен жол картасы бойынша жұмыстары пысықталды.

Серік Қожаниязов, ҚР экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі:

– Көктемде су көп болатын кезде біздің Қазақстан аймағына Ресей тарапынан келетін судың мөлшерін көбейту. Елек су қоймасы бар Орынбор облысында. Бұл соған байланысты. Соның жұмысын реттейміз. Жазда Жайықтың деңгейін ұстап туры үшін Електіден қанша су алу керек, соған болжам жасаймыз. Ол кейде орындалады, кейде орындалмайды, сол жағынан проблемалар бар.

Вадим Никаноров, Ресейдің су ресурстары федералдық агенттігі басшысының орынбасары:

– Былтыр біз Жайық және Ертіс өзендері бойынша ортақ жол картасын әзірледік. Ал биыл сол бойынша іс шаралар басталды. Біз ескі каталогтардағы өзен ағыны мен судың жағдайы туралы ақпараттарды жинап жатырмыз. Пандемия аяқталғанда, өзендердің тереңдігі мен енін өлшейтін арнайы экспедиция басталады. Соның нәтижесінде Жайық пен Ертістің моделін жасап, ағысын реттеуге мүмкіндік болады. Бұл әлемдік тәжірибе.