Павлодар облысында ескі пештің нанына сұраныс артуда

Павлодар облысында ескі пештің нанына сұраныс артуда

Қалқаман ауылындағы нанның дәмі талайдың аузынан кетпей жүр.

Өйткені Павлодар облысындағы бұл наубайхана нанды ескі пеште пісіреді. Жағатыны көмір. Жарты ғасыр бұрын салынған наубайхана күніне 600-ден астам бөлке нан шығарады. Жергілікті кәсіпкер ескі пешті бұзбай, керісінше қайта жаңғыртқан. Бұл пеш кезінде әйгілі «Ертіс-Қарағанды» каналаның құрылысына қатысқан жұмысшылар үшін салынған екен. Ол бас-аяғы 2 жарым мың кірпіштен тұрғызылған. Қазір бұл жерден шыққан нанға сұраныс жоғары. Себебі нан дайындау  рецепті өзгермеген, химиялық қоспа жоқ. Алдағы уақытта кәсіпкер нан-тоқаш өнімдерінің түрін көбейтіп, кәсіпорынның өндірістік қуатын тағы арттырмақ.

Зенфира Әділханова, наубайшы:

– Нанды әзірлеу әдісі өзгермеген. Құрғақ ашытқы мен су ғана қосамыз. Өзге заттарды пайдаланбаймыз. Наубайханадан адам үзілмейді. Жол-жөнекей келетіндер де көп. Дәмі ерекше нан ескі пеште пісіріледі. Осындай пеш бізде ғана бар. Оны бұзай, сақтауға тырысамыз.