«Фейсбуктегі» заңға қайшы ақпаратқа блок қою: Қазақстан эксклюзивті келісімге қол жеткізді

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің өкілдері «Фейсбук» желісінің кері байланысын қолданып, заңға қайшы мәліметті бұғаттау тәсілін меңгерді.

Әлеуметтік желі маманы өткізген тиісті жаттығу өткен аптада ұйымдастырылған. Осы орайда контент туралы хабарландыру жүйесіне қол жеткізгені жайлы құзырлы ведомство кеше ресми мәлімдеме жариялаған еді. Ал жуырда атауын Метаға ауыстырған фейсбук желісінің өкілі Бэн Макконаги Рейтерге берген сұхбатында бұл мәлімдемені теріске шығарды.

Алайда ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің мәліметінше, Макконагидің бұл сөзі бұрмаланған. Біріншіден, өзара уағдаластық Макконаги басқаратын Тынық мұхиты аймағындағы бөлімшемен емес, Орталық Азия, Қытай, Моңғолия аумағындағы бөлімшемен жасалған. Екіншіден, Қазақстан Орталық Азияда контент туралы хабарландыру жүйесіне қол жеткізген алғашқы мемлекет. Міне осы тұрғыдан уағдаластық эксклюзивті саналады. Ақпарат комитетінің төрағасы түсіндіргендей, жеке тұлғаға қатысты мәліметке қол сұғылмайды. Бұғатталатын ақпардың өзі жіті тексерістен өтеді.

Қанат Ысқақов, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі ақпарат комитетінің төрағасы:

– Бірлескен канал бар. Бірлескен топ бар. Сол бірлескен топқа біз мемлекеттік уәкілетті орган ретінде заңға сәйкес, заңға қайшы келетін материалдарды жүктейміз осы топқа. Осы топтың ішінде фейсбуктің арнайы мамандары отырады. Осы біз жүктеген ақпаратты олар тексеріп, егер де фейсбуктің немесе біздің заңнамаға қайшы келетін болса онда бұл ақпаратты бұғаттайды.  

Еске сала кетсек, бұған дейін балаларды қорғау мәселесіне қатысты заң жобасы мәжілістің қарауына жіберілген еді. Онда әлеуметтік желідегі зорлық-зомбылық пен әлімжеттікке қатысты ақпарды бұғаттау үшін шетелдік желілермен байланыста болатын уәкілдіктер ашу туралы бастама көтерілген.