Шымкентте көз аурулары клиникасы ашылды

Шымкентте замануи құралдармен жабдықталған көз аурулары клиникасы ашылды. Мұнда ем-дом шараларынан бөлек 22 түрлі күрделі операция жасалады. Енді мегаполис тұрғындары Нұр-Сұлтан мен Алматы асып, ем іздемейтін болды.

Көз клиникасы лазерлеу мен консультативті-диагностикалық бөлімнен тұрады. Тәуліктік және күндізгі стационарды қоса есептегенде мұнда науқастар үшін 40-қа жуық төсек орыны бар. Жасы 70-ке таяған Әбдісадық Жайлауов та осы орталықты таңдады. Тексеріліп, маманнан кеңес алған қарияға көз операциясы жасалатын болды.

Әбдісадық Жайлауов, қала тұрғыны:

- Менің таңқалғаным көзді тексеріп көріп жатыр, ондай аппаратты көрген емеспін. Қазақстанда бірінші рет көріп жатырмын. Демек, мұндағылар білікті маман. Операцияны өте тез және таза жасайды. 

Клиникада қарашықтың торын қалпына келтіру, лазермен күшейту, диагностика, кеңес берумен қатар 22 түрлі операция жасалады. Оның ішінде сусамыр дертінің әсерінен көзде болатын түрлі асқынуларды емдеп, көздің сезімтал ішкі қабығының қыртыстануы секілді ауруларды қарайды. Сондай-ақ шымкенттік офтальмологтар витреоретиналды хирургия әдісін де алғаш рет қолданғалы отыр. 

Рүстем Ботабеков, көз аурулары клиникасының бас дәрігері:

- Витреоретиналды хирургия деген пайда болды Шымкентте. Ол өте қиын көз ауруларының операциясы саналады. Онан кейін қант диабеті кезінде көзге қан құйылады. Біз оған операция жасап қанды алып тастаймыз. Біз мұны дамытып, әрі қарай да жасаймыз. 

Клиникада жоғары білікті 21 дәрігер жұмыс істейді. Енді олардың қатысуымен көз ауруларына шалдыққан науқастар мен зағиптарға жылына 4 мыңнан астам операция жасалмақ.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов