Қырық жылдан кейін Алматыдағы Оқушылар сарайы жаңғыртудан өтіп жатыр 

Қырық жылдан кейін Алматыдағы Оқушылар сарайы жаңғыртудан өтіп жатыр 

Араға 40 жыл салып, Алматыдағы Оқушылар сарайы қайта жаңғыртудан өтіп жатыр. Ғимараттың іші-сырты түгелдей бұрынғы қалпына келтіріледі.

Атап айтқанда, бұған дейін жүргізілген жөндеу жұмыстары кезінде алынып тасталған мәрмәр тастар қайтадан төселді. Оған қоса, жез бен мыстан құйылып арнайы тапсырыспен жасалған сарайдың шамдары да жаңарады.

Қазір оқушылар сарайында құрылыс қызу жүріп жатыр. Мақсат – республикалық маңызы бар тізілімге енгізілген тарихи құны жоғары сәулет ескерткішін қалпына келтіріп, сақтап қалу. Ғимарат 1983 жылы салынған. Оның құрылысына сол кезде ең бағалы және сапалы құрылыс материалдары пайдаланылған. Сарайдың әрбір дүниесі тапсырыспен дайындалған. Мәселен, салтанат залындағы салмағы 5 тоннаға жуық алып жарықшам «Гидромаш» әскери кәсіпорнында, ал сәндік құмыралар Қапшағай фарфор зауытында жасалған. Реставраторлар жарықшамды арнайы ерітіндінің көмегімен қалпына келтіреді.    

Жуас Каңтарбаев, дизайнер:

– Біз мұрағат материалдарын көтердік. Сәулетшілер жобалаған бастапқы келбетін қалпына келтіретін боламыз. Бұрынғы компазицияны түгелдей қайта жаңғыртамыз. Ғимараттың еденіне мәрмәр төселген. Кейін  жөндеу жұмыстарын жүргізгенде кейбір жерін алып тастаған. Соны бұрынғы жоба бойынша қайта жасап жатырмыз. Яғни мәрмәрді қайта төседік. Ал гранит еден мен қабырғалардың сынған жерлерін бүтіндеп, тазаладық.  Бұл ғимарат сәулет ескерткіштерінің қатарына енетіндіктен бұрынғы кескін-келбеті сақталуы тиіс.

Оған қоса, Оқушылар сарайындағы кабинеттер де жөндеуден өтеді. Мұнда өнер мен спорт үйірмелерінен бөлек, жаңа технологияны меңгеруге бағытталған сыныптар да ашылады. Дрон ұшыруды үйрету, бағдарламашы,  виртуалды әлем индустриясының әрқайсынының жеке зертханасы бар. Үйірме жетісіне 400-ден аса баланы қабылдайды. 

Олжас Өскенбаев, үйірме жетекшісі:

– Қазір дрондарымыз видеоны да түсіреді. Фотоны да түсіреді. Шекараны бағамдайды. Доставкалары бар мысалы апарып келу деген Осының бәрін оқушыларға үйрету керек. Осы лабароторияда біз оқушыларды осы индустрияға дайындаймыз. 

Тағы бір жаңалық оқушылар сарайында бұрыннан планетариий болған екен. Бірақ іске қосылмаған. Енді жаңғыртудан соң ол да балалардың игілігіне беріледі. «Нысан сәулеттік жағынан ғана емес, қосымша білім беру мазмұны жағынан да ерекше орталық болады»,- дейді мамандар. 

Ләззәт Жылқыбаева, қалалық Білім басқармасының басшысы:

– Жалпы модернизацияға дейін Оқушылар сарайына шамамен 5 мың бала келетін оқушылар сарайына. Қазір енді осы көрсеткішті жаңа жандандыру жұмысы аяқталғананнан кейін екі есе он мыңа дейін көбейеді деп жоспарлап отырмыз. 

Оқушылар сарайында 12 зал бар. Аумағы 35 мың шаршы метрден асады. Ғимаратты қайта жаңғырту жұмыстары келесі жылдың наурыз айында аяқталады. Алматылық мектеп оқушылары  көктемгі каникул кезінде бос уақыттарын дәл осы сарайда өткізетін болады. 

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Валентин Лобанов