Алматы облысында ыстық су мен жылу төңірегіндегі мәселе шешілді

Қапшағай қаласында ыстық су проблемасы шешімін тапты, деп хабарлайды «Хабар 24».

52 мың халқы бар шағын қаланың тұрғындары 25 жылдан бері осы мәселенің зардабын тартып келеді. Алматы облысына қарасты қалада биылдан бастап ыстық су үзіліссіз берілетін болды. Сонымен қатар көпқабатты үйлердің қасбеті жасалып, шатыры ауыстырылуда. Нақтырақ айтқанда ыстық су қыс айларында ғана қосылып келіпті. Өзге маусымда жұрт су жылытқышты пайдаланып келген.

Қала тұрғыны Ардақ Әлжанованың айтуынша, су жылытқыш құрал тұрғындардың қалтасына артық салмақ салады. Сондай-ақ электр қуатымен қызған су тез таусылып, жетпей қалады екен.

Ардақ Әлжанова, Қапшағай қаласының тұрғыны:

– Ыстық судың болғанын кез келген тұрғын қалайды деп ойлаймын. Өйткені өсіп келе жатқан балалары бар, оқушылары бар. Ол жағынан біз өте қуанып қалдық. Қазір біз сегіз мың емес 4 мың төлейміз. Бұл бізге бір есе жеңілдік.

Бұл мәселе Қапшағайды жылу және ыстық сумен қамтамасыз ететін орталық қазандықты толықтай көгілдір отынға ауыстырған соң шешілген. Оған облыстық бюджеттен 685 миллион теңге бөлініпті. Жаңғыртылған қазандық енді 100 мың тұрғынды қамтамасыз етуге қауқарлы. Оның үстіне отынға жұмсалатын шығын да азаяды.

Нұрлан Құматаев, Қапшағай қаласының әкімі:

– Мұның алдында мазутпен қазандық жұмыс істеген кезінде бізде 2,6 млрд теңге қаражат шығын кететін. Қазір газға ауысқаннан кейін бізде жылына 30 млн текше метр газ кетеді. Оның текше метрін 30 теңгеден шаққан кезде 1 миллиардтың төңірегінде қаражат кетіп отыр.

Қалада 279 көпқабатты үй бар. Тозығы жеткен ғимараттар биылдан бастап күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Әзірге 38 үйдің қасбеті боялып, 4 үйдің шатыры ауыстырылуда. Келесі жылы тағы 65 үй жаңартылады. Мұнда да пәтер кезегінде тұрғандар бар. Сондықтан әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтарды баспанамен қамту жағы да жоспарланып отыр. 

Нұрлан Құматаев, Қапшағай қаласының әкімі:

– Келесі жылы үш 60 пәтерлік үйдің құрылысы жүреді. Одан кейін 60 пәтерлік үйдің құрылысы жүреді және жеке кәсіпкерлердің арқасында «Нұрлы жер» бағдарламасының арқасында біз олармен меморандумға қол қойып, олардан 25 мың шаршы метр құрылысы аяқталған үйлерді сатып алатын болып жатырмыз.

Жалпы Қапшағайдың жаңа ықшам аудандарында 2025 жылға дейін 22 көп қабатты үй пайдалануға беріледі.

«Газға ауысқан қалалық жылу электр орталығы оларды да ыстық сумен және жылумен қамтамасыз етуге шамасы жетеді»,-дейді мамандар. Қаланы абаттандыру да қолға алынып отыр. Бұл мақсатқа 3,2 миллиард теңге қарастырылған. Оған аулаларға асфальт төселіп, балалар алаңы мен демалыс аймағы жасалады.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Радик Жакупов