ҚР Энергетика министрі: Тапшылық болса, шектеу қоямыз

Қазақстанда 2035 жылға дейінгі энергетикалық теңгерімді әзірлеу жобасы жетілдіріледі. Бұл электр энергиясын  өндіретін кәсіпорындардың жұмысын үйлестіреді және қуат көздерін өндіретін жабдықтарды жоспардан тыс ажыратудың алдын алады.

Сонымен қатар электр станциялары жазғы жөндеу жұмыстарын бірыңғай жүйелік оператормен келісіп барып бастайды. Энергетика министрі болжамды теңгерімді әзірлеу жобасының қорытынды нұсқасын қарашаның 15-не дейін тапсыруды ұйғарды.

Бүгінгі таңда еліміз бойынша  өндірілетін электр қуатының 40 проценті Павлодар облысына тиесілі. Қазір Екібастұз және Ақсу қалаларындағы  ГРЭС-тердегі жөндеу жұмыстарын аяқталуға жақын.  Сондай ақ  ГРЭС-2-нің үшінші энерго-блогын салу жұмысы жүріп жатыр. Егер осы жұмыстар дер кезінде аяқталса, онда еліміздің энергия жүйесіне тағы 500 МВт қосылады. Энергетиктер осылайша қуат көздерінің тапшылығын жоймақ. Соңғы кезде Қазақстанда энергия тапшылығы, белең ала бастады. Бұған май-нингтік фермалардың көбеюі, әсер етсе керек.

Мағзұм Мырзағалиев, ҚР Энергетика министрі:

– Біз бұған дейін «ақ майнерлер» туралы айтқанбыз. Біз олардың алып отырған теңгерімін анықтауымыз керек. Егер біздің жүйемізде электр энергиясы артық болған жағдайда ғана майнерлердің жұмысына рұқсат беруіміз керек. Тапшылық болса, шектеу қоямыз. Мұның жалғыз майнерлерге емес, барлық өндірістік кәсіпорындарға да қатысы бар. Осы орайда нақты баланс айқындалуы тиіс.