Алматыда АИТВ жұққандарға арналған орталық әйелдерге көмектеседі

Әйелдер де көмекке зәру. Алматыда күйзеліске түскендерге арналған орталыққа күніге 10-нан астам адам жүгінеді. Өмірден баз кешкен әйелдер басқа амалы қалмаған соң осында келуге мәжбүр. Орталық әу баста адамның иммун тапшылығы вирусын жұқтырғандар үшін ашылған екен. Кейін басқа да көмек түрлерін көрсете бастаған.

Нашақорлық - өте қауіпті дерт. Ұзақ уақыт бойы есірткі қабылдаған Анна Козлова осылай дейді. Қазір ол нашақорлықтан мүлдем арылған. Оған дұрыс жолға түсуге «Реванш» қоғамдық қорының көп көмегі тиді. Мұнда мамандардың қолдауымен арнайы бағдарламадан өтеді. Қазір Аннаның өзі де есірткіге тәуелді адамдарға көмектесіп, кеңес беретін нұсқаушы болуды жоспарлап жүр.

Анна Козлова, «Реванш» қоғамдық қорының қызметкері:

- Бұрын менен «сенің қолыңа не болған» деп сұрағанда, айтуға қысылатынмын. Ал шын мәнінде осының бәрі есірткінің кесірі ғой. Енді бұл туралы ашық айта аламын. Осы жерде маған арнайы мамандар психологиялық тұрғыдан көп көмек берді. Бұл біз сияқты адамдарға аса маңызды. Солардың демеуімен көзқарасым түбегейлі өзгерді. Өмірдің аса қымбат екенін, өмір сүрудің қымбат екенін түсіндім. Сондықтан осындай жолға түскен адамдарға өзім де көмектескім келеді.

«Реванш» қоры 4 жыл бұрын құрылған. Осы уақыт ішінде жоғары білікті заңгерлер, психологтар мен әлеуметтік қызметкерлер 5 мыңнан астам адамға көмек көрсеткен. Олардың арасында Адамның иммун тапшылығы вирусын жұқтырған көп балалы аналар, бұрын түрмеде отырғандар мен балалар үйінен шыққан жастар бар.

Елена Билоконь, «Реванш» қоғамдық қорының директоры:

- Біз кешенді түрде қызмет көрсетеміз. Осы жерге көмек сұрап келгендерге барынша қол ұшын созуға тырысамыз. Өкінішке орай, біздің елімізде әлеуметтік жағынан қорғалмаған адамдар бар. Тіпті олар төтенше жағдай кезінде тізімде болмағандықтан азық-түлік себеті мен атаулы әлеуметтік көмекті ала алмаған.

Қоғамдық қор қиын жағдайға тап болған әйелдерді уақытша тұратын баспанамен де қамтамасыз етеді. Мұнда олар жұмыс тауып, әбден орналасып алғанша тұра алады. Сондай-ақ шаштараз, тігін және массаж курстарын оқуға мүмкіндік бар.

Қарлығаш Қайыпбекова, Сержан Жұмабаев