Түркістан облысының ауылдарында алғаш рет eQoldau ақпараттық терминалы іске қосылды

«Қазақтелеком»шалғайдағы ауылдарға жаңа цифрлық технологияларды енгізуді жалғастырып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Алдымен ауыл тұрғындары жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізсе, енді олар барлық мемлекеттік қызмет түрлерін тегін ала алады. Мұның барлығы eQoldau қоғамдық қол жеткізу нүктелерінің арқасында мүмкін болмақ. Цифрлық технологияның жаңа мүмкіндіктерін бірінші болып Түркістан облысындағы елді мекен тұрғындары көріп отыр.

Бұл Отырар ауданының Қоғам ауылында орнатылған еліміз бойынша ең алғашқы мемлекеттік қызмет түрлерін көрсететін eQoldau ақпараттық терминалы. Мұнда сіз жеке куәлікке тапсырыс беруден бастап кез келген мемлекеттік анықтаманы жүктеп алуға, айыппұлдар мен салықты төлеуге, дәрігердің кезегіне жазылуға, тіпті тауарды сатып алып, курьерлік жеткізуге тапсырыс беруге мүмкіндігіңіз бар. Сондай-ақ интернетке қосылуға өтініш бере аласыз.

Балжан Дәулетова, қоғам ауылының тұрғыны:

– Мүмкіндікті пайдаланып, терминал арқылы өтініш бердім. Сол бойыша жарты сағатта мамандар келіп, үйге интернет құрып берді. Жылдамдығы жақсы.

Мамандардың айтуынша, елді мекен тұрғындарын электрондық қызметтер мен цифрлық технологияның жаңа мүмкіндіктерімен толық қамтамасыз ету – «Қазақтелекомның» басты міндеттерінің бірі.

Әмірәлі Сейілов, «Қазақтелеком» АҚ мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл департаментінің директоры:

– Бұл жобаның негізгі мақсаты – қала мен ауыл арасындағы цифрлық теңсіздікті төмендету болады. Ауыл тұрғындары қалаға шықпай-ақ осы терминал арқылы мемлекеттік қызмет түрлерін алуға мүмкіндіктері бар.

Еліміздегі ең ірі байланыс операторы саналатын – «Қазақтелеком» соңғы жылдары қыруар шаруа атқарды. Тек Түркістан облысының өзінде бір жарым мың шақырымға талшықты-оптикалық байланыс желісін тартты.

Рашид Аюпов, облыс әкімінің орынбасары:

– «Қазақтелекоммен» арнайы меморандумға қол қойған болатынбыз. Сол мемарандум аясында Түркістанда бүгінгі күнде 5G орнатылды толығымен. Жалпы 838 ауылды елді мекен болатын болса, соның 57 пайызын 3G және 4G байланысымен қамтамасыз етіп отыр.

Жыл соңына дейін жоба аясында еліміздегі 553 ауылға eQoldau ақпараттық терминалдары орнатылады.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашбекұлы