Петропавлда тұрғындарға жылу үшін артық есептелген ақшаны қайтару мәселесі шешілмеді

Петропавлдықтар жылу шығынына келген қосымша төлемді есептеп шығара алмай жатыр.

Жылыту маусымы басталғалы қызу талқыланып жатқан мәселе «Нұр Отан» партиясының қоғамдық кеңесінде айтылды. Оған жергілікті депутаттар, белсенді азаматтармен қатар жылу кәсіпорнының өкілдері қатысты. Бұған дейін хабарлағанымыздай, қазан айында қалада тұратын тұтынушыларға «артық шығындар» үшін қосымша ақы қосылған. Кейбір тұрғындарға 20 мың теңгеге дейін есеп-шот келген. Жиын барысында тараптар ортақ шешімге келе алмады.

Александр Казанцев, қоғамдық кеңес мүшесі:

- Жылу шығындары жөнсіз. Қосымша төлем тұтынатын мөлшерден бірнеше есе артық. Меніңше, ақылға сыймайтын есеп. Бұл туралы не құжат жоқ, не келісім-шартта көрсетілмеген. Жылу шығынын төлеу ешбір заңда жазылмаған.

Андрей Калиничев, жылумен қамту кәсіпорнының бас директоры:

- 2020-2021 жылдары тұтынушылардың баланстық тиесілік актісі, оқшаулау қалыңдығының өлшемі, меншікті жылу шығынының есебі тексерілді. Оның қорытындысы бойынша биллинг жүйесіне енгізілмеген 700-ге жуық адам анықталды. Сондықтан биыл оларға қосымша төлем қосылды.