Пластик пен алюминий бөтелке тапсырып, жол ақысын төлеуге болады

Елордада шикізат жинайтын фандомат құрылғы орнатылды, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Мамандар бұл пилоттық жоба экологияға айтарлықтай үлес қосады деп отыр. Құрылғы сәтті жұмыс істесе, оны әр өңірге орнату жоспарда бар.

Фондамат құрылғысы көлемі жарты литрден 2 литрге дейінгі бос пластик бөтелкелермен қатар, алюминий банкаларды қабылдайды. Басты талап, әр бөтелкенің штрих-коды болуы қажет. Тапсырылған бір пластик үшін 3 теңге бонус беріледі. 

Шасалим Шагалимов, экология белсендісі:

- Біз фондамат құрылғысын Ресейден сатып алдық. Оған қазақ және орыс тілдерінде арнайы бағдарлама енгіздік. Бұл әлеуметтік жоба. Себебі әр адам бос пластик бөтелкелерді тапсыра отырып, өзіне пайдалы бонустар алады.

Пластик бөтелкелерді тапсыру арқылы бонус жинап қана қоймай, қайырымдылыққа үлес қосуға болады. Яғни онда «қайырымдылыққа бағыттаймын» деген батырма бар. Ал өзіңізге қажет десеңіз бонустарды автобустың төлем картасына жинауға болады.

Науат Азанбаева, «Aстана LRT» ЖШС қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы:

- Пластикалық бөтелкелерді фондаматқа тапсырып, көлік картасына үш теңге салынады. Біз осы ұсынысты қабыл алдық. Себебі өте жақсы, әлеуметтік әрі экологияға көмектесетін жоба.

Пластик бөтелкелердің зиянын айтпаса да түсінікті. Экология белсенділері пластиктен мүлдем бас тарта алмасақ та, оны қайта өңдеуге жіберу арқылы қоршаған ортаға пайдамыз тисін дейді. Әрі өңдеуден алынған шикізатты болашақта жаңа қаптама өндірісінде қолдануға болады екен.

Айнұр Қуатқызы, Асхат Қарақойшы