ШҚО-да «Туған жер» жобасымен фельдшерлік-акушерлік пункт салынды 

Шығыс Қазақстан облысының Қарағай ауылдық округінде Тұңғыш Президент күніне орай фельдшерлік-акушерлік пункт ашылды, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Медициналық мекеме «Туған жер» жобасы аясында салынды. Бұл күн – Қарағаш ауылының тұрғындары үшін ерекше күн. Олардың округінде алғаш рет жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт өз жұмысын бастады. Бұған дейін медициналық мекемеге зәру ауыл тұрғындары бұл игілікті істі көп күткен еді.

Сағатқан Жанғалиева, Қарағаш ауылының тұрғыны:

– Біз бұрын қалаға Семейге, Аягөзге, Алматы, Астанаға жүгіретінбіз. Мысалы, оны әр біреуінің қаражаты көтермейді оны. Міне, енді өзіміздің ауылымызда бүкіл төрт ауыл осы дәрігерлік медпунктке қаралады.

Медициналық орталықта хирургиялық кабинеттер мен терапевт, қабылдау пункті және зертханалық бөлім бар. Сондай-ақ сапалы медициналық қызмет көрсету үшін заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған.

Шалқар Омаров, аудандық аурухананың бас дәрігері:

– Қарағаш ауылында көптен бері шешімін таба алмай келе жатқан осы пункт болатын. Бүгін заман талабына сай, заманауи осындай фельдшерлік-акушерлік пункттің ашылуына куә болып отырмыз.

Жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен жүзеге асқан жобаға 50 миллион теңге жұмсалды. Үш айдың ішінде сәулеті келіскен алып кешеннің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді.

Авторлары Нұрсұлтан Мұхамеджан, Әсем Өтешева, Берік Жобалайұлы