ШҚО-да қару сақтап, есірткі тасымалдаған күдікті ұсталды

Есірткі сақтады деген күдікпен Глубокое ауданының 27 жастағы жұмыссыз тұрғынын тінту кезінде қалтасынан орамдағы жасыл түсті өсімдік тектес зат табылған, деп хабарлайды Хабар 24.

Орындықтың арқалық жағынан да 40 полимерлі пакетке салынған осындай зат шыққан. Осылайша жалпы салмағы 38 граммаға жуық болатын кептірілген марихуана тәркіленді. Сонымен қатар тәртіп сақшылары жүргізуші орындығының астына жасырылған оғы бар тапаншаны да тапты. Қазір күдіктінің үстінен сотқа дейінгі тергеу басталды

ҚАРАҚШЫЛАР ҚОЛҒА ТҮСТІ  

Алматы облысы Қарасай ауданында тапанша, пышақпен қаруланып, түн ішінде кісі тонаумен айналысқан үш қарақшы қолға түсті. Олар жалға алған Hyundai Elantra  автокөлігімен жүріп, көшеде жалғыз кетіп бара жатқан адамдардың смартфондарын тартып алып отырған. Тұрғындарды қорқытып-үркітіп, қарсылық көрсеткендерді соққыға жыққан. Аталған қылмыскерлердің жәбірленушілерге 1 млн. теңгеден астам шығын келтіргені анықталды. Қарақшылардың үстінен қылмыстық кодекстің 192 бабы бойынша іс қозғалды.   

ТӘЖІКСТАН АЗАМАТЫНА КӨМЕК КӨРСЕТІЛДІ 

Қызылорда облысы Қармақшы ауданында Самара-Шымкент тас жолы бойында жүк көлігі аударылды. Көлік рулінде Тәжікстан азаматы болған. Ол Литвадан Қазақстан арқылы үйіне қайтып келе жатып жол апатына ұшыраған. Көктайғақ салдарынан ауыр көлік жол жиегіне шығып кетіп, аударылып қалған. Абырой болғанда, жүргізушінің өзі дін аман. Тәртіп сақшылары шетелдік азаматқа жедел көмек көрсетіп, көлігін жолға салды.

ШҚО-да ШӨП ӨРТЕНДІ

Шығыс Қазақстан облысында тағы да шөп өртенді. Осыған дейін Тарбағатай ауданындағы мал азығы өртенсе, енді Жарма ауданы Үшбиік ауылындағы шаруа қожалығының қорасына от тиген. Сөйтіп жалпы 280 тонна шөп жанып кетті. Жалынды сөндіруге 7 бірлік техника жұмылдырылды. Әзірге тілсіз жаудың неден шыққаны белгісіз.

ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ БРАКОНЬЕРЛЕР ҰСТАЛДЫ

Қызылорда облысында «Киік» жедел профилактикалық іс-шарасы аясында сирек ​ кездесетін балық түрін аулаған тұрғындар ұсталды. Шиелі аудандық полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторлары  «Бидайкөл-Иіркөл» тас жолында «Ваз-2121» автокөлігін тоқтатқан. Тексеру барысында автокөліктің жүк салғышынан  қапқа салынған 15 дана әр түрлі балық, оның ішінде сирек кездесетін қаяз балығы тәркіленді. Қазір тиісті сараптамалар тағайындалды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.