Аяғы ауыр әйелдер УДЗ-дан өту үшін Жаңақорғаннан Қызылордаға сенделмейді

Қызылорда облысының Жаңақорған ауданындағы ауруханаға компьютерлі томограф аппараты сатып алынды. Сондай-ақ заманауи, ультра-дыбыстық зерттеу құрылғысы да іске қосылды. Ауданда мұндай жоғары технологиялы медициналық құрылғылар бұрын болған жоқ. Коронавирус өршіп тұрғын кезде компьютерлі томографтың жоқтығы жағдайды қиындатқан еді.

Жүкті аналар енді ультрадыбысты зерттеуден өту үшін Жаңақорғаннан Қызылордаға сенделмейді. Жатырдағы баланың дамуы мен жүрек соғысы немесе туа бітті денсаулығында болуы мүмкін басқа да ақауларды ерте анықтайтын жоғарғы технологиялы құрылғы енді ауданда бар. Алтыншы баласына аяғы ауыр Инабат Елдияр бұған дейін осындай қызмет үшін 180 шақырым жол жүріп, облыс орталығына баруға тура келетін,-дейді.

Инабат Елдияр, Жаңақорған ауданының тұрғыны:

- Скрининг жасауға 16,20,32 апталығында Қызылордаға барып түсетінбіз. УЗИ-ге жазылып алдын ала. Қазіргі уақытта ауданымызда осындай экспорт кластағы жаңа УЗИ аппараты келіпті. Соған түсуге мүмкіндік болып жатыр. Өте қуаныштымыз.

Мұнан бөлек Жаңақорған ауданаралық ауруханасына алғаш рет құны 244 миллион теңге тұратын компьютерлі томограф аппараты сатып алынды. Ол жақында іске қосылады. Дәрігерлер коронавирус індеті өршіген кезде бұл құрылғының қажеттілігі қатты сезілгенін айтады. Сондай-ақ бас-ми жарақатымен түскен науқастарды емдеу үшін де аса қажет, дейді мамандар.

Яхия Шорабаев, Жаңақорған ауданаралық ауруханасының бас дәрігері:

- Диагноз қою, әсіресе ауыр жағдайда түскен науқастарды, бас-ми зақымданып келген жағдайларда осылардың бәрін біз бұрын аурудың ауырлығына байланысты облысқа алып баруға да қиын болатын. Қазір енді бәрін өзімізде жасап, науқастарға, халқымызға үлкен көмегін тигізеді деген үлкен сенімдеміз. 

Қызылорда облысының оңтүстігіндегі ең шеткері аудан – Жаңақорған мен оған іргелес Шиелі ауданында 160 мыңнан астам тұрғын бар. Айтулы медициналық құрылғылар осы екі ауданның халқына қызмет көрсететін болады. Әсіресе COVID-19-дың алдын алуға көмегі тиетіні сөзсіз деп отыр ақ халаттылар.

Айта кетейік, бүгінде өңірдегі эпидахуал оңалып келеді. Соңғы тәулікте аймақ бойынша 7 адам коронавирус індетіне шалдыққан.

Нұрлан Жақыпбеков, Қанат Еңсебаев