13 жыл бұрын тәуелсіздік символы – «Қазақ елі» монументі ашылды

Тәуелсіздіктің 30 жылы қазақ шежіресінің айтулы бөлімі. Бұл жолы 2007-2009 жылдары қандай маңызды оқиғалар болғанын еске түсірейік, деп хабарлайды Хабар 24.

2008 жылы елорданың қақ төрінен «Қазақ елі» монументі бой көтерді. Ашылу салтанатында Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйлеген еді.

«Өткенге топырақ шашсаң, болашақ саған тас атады» дегенді айтып еді. Біздің ел ежелден қалған ұлы істердің, ұлағатты дәстүрлердің, іргелі мемлекеттердің мұрагері болып қалады деп қадап айтты.

ТАРИХИ ҚАДАМ

Егемендік алған бетте еліміз Ата заңын қабылдап еді. Содан араға жылдар салып әлгі құжатты түзеп, күзеді. 2007 жылы Конституцияға өзгерістер енгізілді. Президент құзырында болған біраз өкілеттік Парламентке берілді. Мемлекет басшысы бұрынғыдай 7 жылға емес, 5 жылға сайланатын болды. Парламент депутаттарының саны көбейді. Мәслихат та күшейді. Бұл – шынтуайында тағдырлы шешім еді.

ХАЛЫҚ САНАҒЫ

2009 жылы елде ұлттық халық санағы өтті. Осымен екінші рет. Сол кездегі дерек бойынша Қазақстанда тұратындардың саны 16 млн-нан асып еді. Ал қазақ ұлтының үлесі 63 процентке жеткен. Мұндай маңызды шара 10 жылда бір өткізіліп тұрады. Негізгі мақсат – халықтың санын білу емес, тұтас елдің әлеуетін анықтау.