2015 жылы қыркүйекте Айдын Айымбетов ғарышқа аттанды

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған дәстүрлі айдарымызды жалғастырамыз. Бүгін 2013 және 2015 жылдар аралығында болған айтулы оқиғаларға көз жүгіртейік.

2013 жылы маусым айында «Астана Опера» театры ашылды. Бұл мемлекеттік опера және балет театры Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен бой көтерді. Өнер ордасы өз шымылдығын қазақ музыкасының қазынасы Мұқан Төлебаевтың «Біржан — Сара» операсымен ашты. Дәл осы жылы театр халықаралық қауымдастыққа Джузеппе Вердидің «Аттила» туындысын ұсынып, әлемдік деңгейде тұсаукесерін жасады.

Ал 2014 жылы атқарушы билікте ауыс-түйіс көп болды. Осы жылдың тамыз айында Үкімет қайта жасақталды. Осылайша 17 министрлік пен 9 агенттік ықшамдалып, 12 министрлік пен 30 комитет қалды. Қаржы полициясы қысқарып, төтенше жағдайлар міндеті Ішкі істер министрлігіне жүктелді. Мәдениет және спорт, энергетика, ұлттық экономика, инвестиция және даму министрлігі құрылды.

2015 жылы екінші қыркүйекте «Байқоңыр» ғарыш айлағынан Қазақстан тарихындағы үшінші ғарышкер Айдын Айымбетов ғарышқа аттанды. Ол отырған зымыран халықаралық стансамен 4 қыркүйек күні түйісті. Отандасымыз ғарышта 10 күн тұрақтады. Осы аралықта қазақ ғылымы үшін бірқатар сынақ жүргізді. Соның сүбелісі радиацияның миға әсерін зерттеу болды.