Оралдың медициналық ұйымдарын тексеру кезінде 56 мың заң бұзушылық анықталды

Батыс Қазақстан облысының денсаулық сақтау ұйымдарын тексеру барысында 56 мың заң бұзу дерегі анықталды.

Медициналық қызмет көрсету сапасына қатысты кемшіліктерге жол берген мекемелер енді 245 миллион теңге айыппұл төлейді.

Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасы өкілдері қатысқан брифингте айтылды.

Сала мамандарының мәліметіне сүйенсек, қателіктің басым бөлігі емге дейінгі диагностикалық хаттама толтыру кезінде кетеді. Медициналық құжаттарды рәсімдеу барысында жіберілген олқылық та жетерлік. Биыл жалпы денсаулық сақтау саласына 82 миллиард теңге бөлінген. Оның 71 миллиарды міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына тиесілі.

Арман Қалибеков, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

- Науқас емделуге келгенде медициналық көмек көрсету құнын негізсіз арттыру деген ұғым бар. Мәселен, пневмония диагнозымен ауыр халде деп танылған науқасқа белгілі мөлшерде қаржы жұмсалады. Тексеруші мамандар болса науқастың ауруханаға түскен халі орта жағдайда деген ұйғарым шығарады. Егер қателіктер болған болса әр дерекке қатысты 10, 30, 50%-тік айыппұлдар қарастырылған. Ал егер арнайы сарапшылар ауруханаға жатқызылған науқастың емі күндізгі стационарда жүргізілу керек деп тапса, ол медициналық ұйымға 100% көлемінде айыппұл салынуы мүмкін.