Алматы облысында сүт өңдейтін агрокешен салынып жатыр

Тәуелсіздіктің ақ таңы атқалы бері қазақ елі барлық саланы қатар дамытты, деп хабарлайды Хабар 24.

Әсіресе мол шикізаттты игеріп, өндірісті оңтайландыруға күш салып келеді. Солардың бірі – Ақсудағы кәсіпорын. Енді ауданда сүт өңделіп, ірімшік шығарылады. Ол үшін агрокешен салынып жатыр. Шетелден сауын сиырлары да жеткізіле бастады. Даниядан жеткізілген ірі қараны жерсіндіруге Евгений Сурган жауапты. Украиналық азамат өз елінде осындай бірнеше ферманың жұмысын жолға қоюға ат салысқан. Білікті маман джерси тұқымды сиырларының артықшылығы көп,– дейді.

Евгений Сурган, кеңесші:

– Бірін-бірі сүзіп жарақаттамайды. Өзге сиырлар 50 литрге дейін сүт берсе, мыналар 30 литр береді. Бірақ сүтінің майлылығы жоғары. Сондықтан ірімшік жасау ісіне кеңінен қолданылады.

Мүйізсіз құнажындар көктемге таман бұзаулайды. Сол кезде арнайы кешенге ауыстырылады. Оған дейін сүт фермасының негізгі ғимаратын салып біту көзделген. Робототехникамен жабдықталатын нысан құрылысына негізінен жергілікті тұрғындар жұмылдырылып отыр.

Бақытжан Сейітқожаев, құрылыс компаниясы басшысының міндетін атқарушы:

– Қазіргі кезде  құрылыста 50 адамдай бар. Көбісі осы тұрғылықты елден келген адамдар. Келешекте осы жерде 50-60 адам жұмыс істейді.

Әрбір ірі қарадан жылына 9 мың литр сүт алу жоспарланған. Өнім шикізат күйінде сатылмай өңделеді.

Әсет Шаяхметов, агрохолдинг директоры:

– Ірімшік және сүт өңдейтін цехтар қоятын боламыз. Бүгінгі күнге 370 бас әкелген болатынбыз. Жоспар бойынша 2022 жылға 1300 басқа мал санын көбейтетін боламыз. Негізі бізде 3 мың басқа жеткізу сол үшін Қызылағаш ауылында үлкен ферма салып жатырмыз.

Осыған дейін ауданда тәтті түбір өсіру ісі жанданып, қант зауыты іске қосылған болатын. Алдағы жылы енді сүт фермасы мен ханбалығын өсіретін ірі шаруашылық өз жұмысын бастайды. Өндірістік нысандардың ашылуы жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтып, аймақ дамуына серпін бермек.  

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев