Алексей Цой несімен есте қалды?

Алексей Цой несімен есте қалды?

Алексей Цой Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі лауазымынан босатылды. Мемлекет басшысының тиісті Жарлығы шықты.

Енді Денсаулық сақтау министрінің міндетін уақытша вице-министр Жандос Бүркітбаев атқарады. Бұрынғы министр несімен есте қалды? Оның тұсында денсаулық сақтау жүйесінде қандай өзгерістер болды? 

Алексей Цой министр болып 2020 жылдың 25 маусымында Елжан Біртановтың орнына тағайындалды. Коронавирус өршіп тұрған кез еді. 2020-ның шілдесі мен тамызы әлі есте. Күн сайын 2 жарым мың адам пневмониямен ауруханаға түсті. Күн сайын ондаған адам көз жұмды.

Алексей Цой, экс-денсаулық сақтау министрі:

- Ауру көрсеткіші өсті деп айтады. 

Өлім-жітім күрт көбейген соң шектеу де көбейді. Карантин күшейтілді. Даланың өзінде маска тағу міндет болды. Жиын, той тоқтатылды. Бірі мұны дұрыс деді, бірі бұрыс деді. Біреуге ұнады, басқасы сынады.

Алексей Цой, экс-денсаулық сақтау министрі:

- Жаздың орта тұсында ушыға түскен эпидемиологиялық ахуал 2020-ның күзінде тұрақтала бастады. Денсаулық сақтау министрлігі оқушылар мен студенттердің қашықтан оқығаны дұрыс деді. Солай болды да. Кезекші сыныптар ашылды. Коронавирустың таралу қарқынына байланысты өңірлер «жасыл», «сары», «қызыл аймақтарға» бөлінді.

Ал ең басты жаңалық - биылғы ақпанда халықты вакциналау басталды. Әуелде қарқын төмен болды. Бастапқы екі айда 173 мың адамға ғана екпе салынды. Сарапшылар мен депутаттар елде вакцина егу өте баяу жүріп жатқанын айтып сынады. Президент те Цойға ескерту жасады.

Денсаулық сақтау министрлігі вакциналау науқанының бәсеңдеуі екпенің аздығынан деді. Сөйтіп, Цой Ресейден және Қытайдан бірнеше миллион доза екпе келетінін айтты. Келді. Ал одан соң өзімізде «Казвак» шығарылды. Цойдың тұсындағы ең айтулы жаңалық осы болды.

Қазірге дейін екпенің бірінші компонентін 8 миллион 900 мыңға жуық адам, ал екіншісін 8 миллион 363 мың адам алды. Қазір эпидахуал тұрақты. Елде Ақмола, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары ғана «сары аймақта». Ал өзге өңірлер жасыл аймақта тұр. Өткен сәуірде министрді бір қайрап алған Мемлекет басшысы бүгін Алексей Цойдың белсенді жұмыс істегенін атап өтті. Коронавирусқа қарсы күрестетегі еңбегі үшін алғыс білдірді. Ал экс-министрдің өзі қызметтен кетуін былайша түсіндірді.

- «Құрметті достар, әріптестер! Бүгін менің азаматтық секторға көшу және ғылым мен әлеуметтік бастамалар арқылы денсаулық сақтау саласын дамыту туралы шешімім қолдау тапты. Мемлекет басшысы COVID-19 бойынша жағдайды тұрақтандыруды, денсаулық сақтау жүйесінің әлеуетін арттыруды тапсырды. Біз эпидемиологиялық қауіп-қатерлерге ден қою үшін жағдай жасадық: әр өңірде жаңа инфекциялық ауруханалар салынды, жедел жәрдем көліктерінің паркі, жасанды тыныс алу аппараттары, ауылдағы жылжымалы медициналық кешендер жаңартылды, отандық фармацевтика өнеркәсібі өнімділіктің жоғары өсуін көрсетеді, дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың қажетті қоры жасалды, СЭС пен зертханалық қызметтің әлеуеті артты, QazVac вакцинасы шығарылды және тағы басқалар». 

Аса жауапты ведомствоны басқарған Алексей Цой осылайша бір жарым жылда министр креслосын босатты. Ал министрдің міндетін атқару вице-министр Жандос Бүркітбаевқа жүктелді.

Қорған Қонысбайұлы