Су құбыры тартылған Түркістан облысындағы ауылдар ауыз суға неге зәру

Өңірде жарыққа жарымай, ауыз судан тарығып отырған ауыл бар, деп хабарлайды Хабар 24.

Кентау қаласына қарасты Шаштөбе елдімекеніне бірнеше жыл бұрын орталықтандырылған ауыз су құбыры тартылған. Бірақ тұрғындар әлі күнге оның қызығын көре алмай отыр.

Жандос Жұмабек, тілші:

– Бұл Қарнақ ауылдық округіне қарасты Шаштөбе елдімекені. Мұнда үш жүздей түтін, үш мыңдай халық тұрады. Ауыл тұрғындары таза ауыз су мен электр энергиясынан тапшылық көріп отырғанын айтып, біздің арнамызға шағымданды. Қазір мәселенің мәнісін анықтап көретін боламыз.

Шаштөбе ауылының тұрғындары таза ауыз суды тұрақты тұтына алмай отыр. Себебі тіршілік нәрі бір күн ақса, он күн тоқтайды. Биыл жаз айларында тіпті болмапты. Әбден ашынған жұрт көшеге жиылып, жанайқайын жеткізді.

Зухраб Мирзаев, Шаштөбе ауылының тұрғыны:

– Су бір ағып, бір ақпайды. Кентау әкіміне барсам, сол кезде 5-10 күн су береді. Кейін қайтадан тоқтайды. Барсақ келеді, бармасақ келмейді су. Қазір су жоқ.

Бұл ауылға орталықтандырылған ауыз су құбыры 2017 жылы тартылған. Әр үйдің ауласында су құбыры бар. Бірақ су жоқ.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, елдімекен беткейде орналасқан. Ащысайдан тартылған су бірден етекке ығысады. Ал оны реттеп, қырдағы үйлерге қысыммен шығару жолдары дұрыс қарастырылмаған. Соның салдарынан биік жердегі үйлер таза ауыз судан тарығып, арық суымен күнелтуге мәжбүр. Ал кейбірі су таситын көліктерді жалдап, ауласындағы үлкен ыдыстарды толтырып алады. Ол жаздың күндері сасып, ішуге жарамайды. Бірақ амал жоқ.

Динара Тоқтамұратова, Шаштөбе ауылының тұрғыны:

– Судың жоқтығынан осыған 1 тонна су құйдыртамыз. Бір бөшкесі 5 мың теңге, 10-15 күнге жетеді. Жазда бұның ішіндегі су сасып кетеді. Құрттап кетеді. Амал жоқ, соны ішуге тура келеді. Жуынуға да, ішуге де, ыдыс-аяқ, кір жуу – бәрі осында.

Бұл ауылда ауыз судан бөлек электр қуаты да тапшы. Күнгей көшесіндегі жүзден аса үй кеш батса, қараңғылық құшағында қалады.

Тұрғындардың айтуынша, кеңес заманынан қалған ескі трансформатордың күші көшені толық жарықпен қамтуға жетпейді.

Бахром Хасанов, Шаштөбе ауылының тұрғыны:

–Жарық 220 Вольт болу керек. Біз ақша төлегенде сол 220 Вольт-қа жағып жатқанымызға төлейміз. Кентаудан электр мамандарын шақырып, көрсеткен кезде 158 Вольт көрсетіп тұр. Біз оған ештеңе қосып, істете алмаймыз. Бірде тоңазытқыш күйіп жатыр, аристон істете алмаймыз. Түнде свет шам сияқты болады.

Фируза Таштемірова, Шаштөбе ауылының тұрғыны:

–Кешқұрым балалар сабақ оқи алмайды. Интернетке де қосыла алмайды. Свет жетпейді. 3-4 рет жарықпен қамтитын мекемеге бардық. Болады дейді, болды. Сол боладымен қалды. Әйтеуір өлместің күнін көріп жатырмыз.

Ауыз суға жауапты «Ащысай су» мекемесінің басшылығы елдімекенге су құбырын тарту кезінде кемшіліктердің кеткенін мойындап, олқылықты жоюға уәде берді.

Бағлан Мамадалиев, «Ащысай су» мекемесінің директоры:

– Шаштөбедегі 200 үйдің тұрғыны жаңа салынған водасточный станция бар, сол жердегі қосу механизмін мердігерлер басында дұрыс қоспаған. Мойындау керек. Енді біз қазір шешу жолдарын қарастырып жатырмыз. 2022 жылдың екінші жарты жылдығында таза сумен толық қамтылады деп нық сеніммен айта аламын.

Ал Кентау қаласының жарыққа жауапты басшылары күні бойы созбалаңға салып, нақты жауап беруден жалтарды. Ауыл тұрғындары да бұған дейін осы мәселемен қала әкімдігінің табылдырығын талай тоздырған. Алайда жауаптылардың «жасап береміз» деген құрғақ уәдесіне әбден тойғандарын айтады.

Мамандардың айтуынша, Қарнақ ауылдық округіне қарасты елдімекендердегі энергия тапшылығын жою үшін әлі 8 жаңа трасфоматор орнатылуы қажет. Ал оның қашан іске асырылып, ауыл жұртты қашан жарыққа жаритыны белгісіз күйінде қалып отыр.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш