Жуырда шетел мультфильмдері қазақша сөйлейді

Жуырда шетел мультфильмдері қазақша сөйлейді

Теңіз жұлдызы Патрик, Шаршы Шалбар, өртсөндіргіш Сэм. Бұл кейіпкерлерді кішкентай көремен жақсы таниды. Енді TiJi және Nickelodeon арналарындағы осындай рейтингі жоғары анимациялар қазақша сөйлемек. «Nickelodeon» арнасы 70 елде 22 тілде,  ал «TiJi» 20 мемлекетте 14 тілде хабар таратады. Балалардың тілін тапқан әлемге әйгілі қос арна келер жылы қазақ тілінде де трансляция жасауға әзір.

Енді «Сусорғыш Боб» яки «Шаршы шалбар» мен «Көзілдірікті адам» қазақша тақылдап тұрса таңқалмаңыз.

Келер жылы TiJi және Nickelodeon арналары 675 сағат қазақ тілінде сөйлейді. Оның ішінде 457 сағаты америкалық арнаға тиесілі. Француздың тиджи компаниясындағы 11 анимация мен америкалық арнадағы 2 мультипликация төл тілімізге аударылады.

Арууана Серікбаева,  Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ  өндіріс қызметінің басшысы:

– Чупи и Дуду, Робокар Поли, Супер монстры деген сияқты 11 мультфильмді дубляждап жатырмыз. Тиджи бойынша 80 пайыз жұмыс атқарылды. 9 сериал толығымен дубляждаған оларды жібереміз. Спанч боб сериалының 265 сериасын дубляждап жатырмыз. Қазір 80 пайыз жұмысы дайын. Желтоқсан соңына дейін бұйырса толық жұмысын атқарып жібереміз. Ком король 13 серияны желтоқсанның соңына дейін жібереміз.

Мультипликация балалар үшін тілашар ғана емес, ұлттық сананы жаңғыртудың да бір амалы. Қазақша сөйлесе, әрине. Осыны мақсат тұтқан киноөндірушілер әлемге танымал, жас ұрпақтың қызығушылығын оятқан мультфильмдерді аударып жатыр. Әйгілі компаниялар арнайы кастинг өткізіп, дубляж актерін өздері таңдаған. Әрбір материал жіті тексеруден өтіп, аударманың сапасына баса наза аударылады дейді мамандар. Ең бастысы, шетелдіктер өз туындыларының әр сериясын біздің тілге бейімдеп қайта өңдейді

Болат Тлепов, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі

– Келесі жылдың қаңтар айынан бастап эфирге шығады деген жоспарымыз бар. Жалпы екі телеарнаның 675 сағат аудармасына мемлекеттік бюджеттен  570 млн теңге қаражат бөлінді.  Бұл қаражат, ең алдымен, продукцияны аударып қана қоймай, оның шығармашылық құндылығы мен көркемдік құндылығы бар. Никелодеон жоспарымыздан тыс тағы 200 сағат қосып отыр.

Бүгінгінің баласы телефонға телміріп, көгілдір экраннан өзге тілде мультфильм көріп, кейіпкерлерін пір тұтады. Бүлдіршіннің тілі өзге тілде шығуына бұл да себеп.  Мәселен, жапон мен қытай анимацияларында кейіпкерлер арқылы ұлттық рухты, тіл мен мәдениетті насихаттап, балалардың ұғымын қалыптастырады. Бізде осындай идеология қалыптастырсақ, сәби ана тілінде сөйлер еді. 

Ғалымжан Қабзи, қала тұрғыны:

– Шетелдік мультфильмдер бала тілінің орысша шығуына әсер ете ме? Әсер етеді. Балапан ұядан не көрсе, ұшқанда соныіледі дейді ғой. Әрине, басқа тілді білген жақсы ғой. Мультфильмдер жақсы жағынан тәрбиелесе екен.

Зейнеш Үсенқызы, қала тұрғыны:

– Шетелдік мультфильмдерді көреді. Енді оған мен кінәлі емеспін ғой. Ата-аналары кінәлі. Қазақстандық фильмдерді көріңдер деп айтамын. Негізі немерелерім қазақ мектебіне барады. Үшінші немеремнің тілі орыс тілінде шығып келе жатыр. Теріс пікірдегі дүниелерді көріп жатқан болар. Ата-аналар жұмыста болғасын, көп көңіл бөле алмайды.

Иә, елдің көңілінде алаң бар. Ендігі үміт өз туындылаырмызды көбейтумен қатар, шетелдің озық мультфильмдерін көптеп аудару. Мамандарымыздың көздегені осы. Енді жаңа дүниелер ойын баласының көңілін тауып жатса, мақсатқа жеткеніміз.  

Қазір технология секунд сайын өзгеріп келе жатыр. Бала өзі қолданып жүрген қосымшаның  көмегімен кез келген мультфильм кейіпкеріне айнала алады. Осыдан-ақ, заманауи көрерменді сапалы анимациялық туындылармен таң қалдыру қиын болар. Демек, отандық мультфильм жасаушыларға бұл істің оңайға соқпасы анық. Дегенмен нәтиже жоқ емес, бар. Тақауда шетелдік туындылардың қазақша аудармасына көрермендер өз бағасын беруге тиіс.

Наргиз Бекмағанбетова, Арман Ақшабаев