Шымкенттегі көпқабатты тұрғын үйлер газсыз қалды

Шымкенттегі көпқабатты тұрғын үйлер газсыз қалды

Шымкентте тоғыз көпқабатты тұрғын үй газдан ажыратылды.

108 пәтер бір тәуліктен бері көгілдір отынсыз отыр. Себебі жұмысшылар су жылыту қазандығын орнатқанда салғырттыққа жол берген. Олар пәтердің бірінде жөндеу жұмыстарын жүргізіп, су мен газ құбырларын ауыстырып алған. Салдарынан құбырды түгел жайлаған су, есептегіш құрылғыларына дейін өтіп кеткен. Көршілердің шағымынан кейін бүкіл тұрғын үй аумағын ажыратып, тексеру жұмыстарын жүргізу керек болды. Мамандар газ жүйесін толық құрғатып, қалпына келтіру жұмыстарын бастайды. Қайта жөндеу жұмыстарының толық шығынын кінәлілер өтейді. Шымкентте жыл басынан бері дәл осындай 163 оқиға тіркелді.

Александр Акимов, қала тұрғыны:

– Енді біздің тамақтануымыз қиындай түспек. Асқазан ауруына шалдығамыз да. Басқа қалай!? Алдымызда Жаңа жыл. Ал мамандар бүгін газ болмайды деп отыр. Ертең берілетініне де сену қиын.

Эльдар Қуандықов, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ қалалық филиалының жетекші маманы:

– Қайта қалпына келтіру жұмыстарын атқаруға дайынбыз. Асфальттау жұмыстары жүргізіліп қойған. Осы нәрселерді бұзуға қазір әкімдіктен рұқсат алып жатырмыз. Рұқсат алған жағдайда төрт сағат көлемінде бітіруге жоспарлап отырмыз.