Сенатор: Ірі аграрлық компаниялар ауылды түлетуге атсалысуы керек

Ауылдағы ағайынның жалақысы 35 мың теңге. Бұған қалай өмір сүруге болады? Бүгін сенаторлар осылай деп үкіметке депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сенаторлар қазақстанның ауылдарындағы ахуалды анықтау үшін әлеуметтік сауалнама жүргізіпті. Анықталғандай, ондағы жұмыссыздықтықтың деңгейі ресми статистикадан әлдеқайда алшақ екенін көрсеткен. Ресми мәлімет бойынша, қазір ауылдағы жұмыссыздар саны - 181 мың адам немесе 4,7 процент. Бірақ бұл сандарға сенаторлар сенбейді, іс жүзінде жұмыссыздар саны әлдеқайда көп деп отыр. Сондықтан Ақылбек Күрішбаев ауылды қайта түлетуге ірі аграрлық компанияларды тарту қажет деп санайды.

Ақылбек Күрішбаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

– Біз жүргізген әлеуметтік сауалнама нәтижелері көрсеткендей, еңбекке қабілетті халықтың 41 пайызы ауылдардан қалаға көшуді қалайды. Әрине, урбанизацияның әлемдік үрдіс екені түсінікті, бірақ оны басқару керек қой. Жақын маңдағы ауылдардан бір сәтте халықтың жаппай көші-қоны басталса, біздің қалаларымызда не болмақ? Егер ауыл шаруашылығында жұмыс істейтін ешкім қалмаса, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қалай қамтамасыз етеміз? Шекаралас аудандар қалай қорғалмақ? Ауылды дамытуға ірі ауыл шаруашылығы компаниялары белсенді үлес қосуы тиіс.