Қаңтар қасіреті кезінде Алматы әуежайындағы адамдарды құтқару қалай жүрді?

Жаппай бүлік кезінде Алматы халықаралық әуежайынан 900 адам эвакуацияланған. 5 қаңтарда әуе айлағына бұзақылар басып кірген еді. Шабуыл аумағында қалып қойған жолаушылар мен жұмысшыларды әуежайдың қауіпсіздік қызметінің мамандары құтқарған. Сын сағатта жылдам шешім қабылдап, жұртқа жол сілтеген қызметкерлер сол бір қиын сәтті баяндап берді.

5 қаңтар күні ауысымда болған қызметкерлердің бірі Фархат Сәбитов.

Қауіпсіздік қызметі басшысының айтуынша, бүлікшілер әуежайға кешкі сағат сегізге таман келген. Жұрт бас сауғалап, әр жерге тығыла бастайды. Себебі баса-көктеп кірген топтан бәрін күтуге болатын еді.

Фархат Сәбитов, Алматы халықаралық әуежайы қауіпсіздік қызметінің басшысы:

- Жолаушыларды эвакуациялау туралы бұйрық түскен сәтте жедел әрекет еттік. Әуежай ішіндегі және ұшақтардағы адамдар түгелдей автобустарға отырғызылып, төтенше жағдай кезінде жиналатын орынға жеткіздік. Тіпті жүк таситын көліктер де пайдаланылды. Шамамен 900 адамды әуежайдан 1 шақырым жердегі қауіпсіз орынға апардық.

Сол күні қауіпсіздік қызметкері Досан Ташеков пен автобус жүргізушісі Аманкелді Маңғытаев та жұмысқа шыққан еді. Олар да жолаушылар мен өзге әріптестерін бүлікшілер басып алған ғимараттан алып шыққан. Әскер келгенше таңғы сағат төртке дейін көз ілмеген қызметкерлер «бар болғаны міндетімізді орындадық» дейді.

Аманкелді Маңғытаев, автобус жүргізушісі:

- Әрине біз де қатты қорықтық, үрейлендік. Алайда басшылықтың бұйрығын орындап, қызметімізді атқаруымыз керек. Бес автобус болды. Әр автобусқа 100-ден аса адамды отырғызып, 3-4 рет тасыдық.

Досан Ташеков, Алматы халықаралық әуежайының қауіпсіздік қызметкері:

- Ұйымдасып осы жерде өзіміздің жолаушыларымызды әуежайдан шығарып, автобусқа отырғызып бәрін қауіпсіз жерге апардық, деп ойлаймын. Бұл менің өзімнің парызым. 

6 қаңтар күні таңға жуық әуежай бүлікшілерден тазартылды. Бір түнде кассалар, дүкендер қиратылып, жолаушлардың мүліктері тоналған. Абырой болғанда, адам шығыны жоқ. Ұшақтар да дер кезінде қауіпсіз орындарға жеткізілген.

Еске сала кетейік, Алматы әуежайы өткен тәуліктен бастап қалыпты жұмыс режиміне көшті.

Аршын Кемелжан, Кенже Амраев