БҚО-да биыл 431 балаға коронавирус жұқты

БҚО-да биыл 431 балаға коронавирус жұқты

Жыл басталғалы бері Батыс Қазақстан облысында 431 бала коронавирус жұқтырды. Қазір мектептерде 43 сынып және балабақшаларда 38 топ карантинге жабылған.

4 мыңнан астам жасөспірімге «Pfizer» вакцинасы салынды. Дерттің дендеуіне байланысты өңір екі аптадан бері «қызыл аймақтар» қатарында тұр. Өткен тәулікте 513 адамнан қатерлі инфекция табылды. Олардың көбі облыс орталығында тұрады. Екпе салдыруы қажет тұрғындардың 16%-і ғана қайта вакцина алған.

Асхат Балықов, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

- Соңғы аптада алдыңғы аптамен салыстырғанда аурушаңдық деңгейі 27%-ке өсті. Сәйкесінше инфекциялық төсек-орындардың толымдылығы 24%-ке, науқастар саны 234-тен 310-ға дейін жоғарылады. 25 қаңтарда облысымызға «Спутник Light» вакцинасының 3000 дозасы жеткізілді. Бүгінгі таңда аталған вакцинамен 200 адам ревакциналанды.

Нұрлыбек Мұстаев, облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:

- Аурушаңдық деңгейі облысымызда осы Орал қаласында, Бәйтерек ауданында, Бөрлі, Теректі және Тасқала аудандарында өсу қарқыны жоғары. 1 қаңтардан бастап анықтамасыз мемлекеттік шекарадан 600-ге жуық жолаушылар мен көлік жүргізушілері өткен болатын. Олардың әрқайсысын ПТР әдісімен зерттеу қорытындысы бойынша 8 көлік жүргізушіден оң нәтиже көрсеткен болатын.