Түркістандық бағбандар лимон өсіруді қолға алды

Айдар Айысов 15 жылдан бері осы жылыжайда агроном болып жұмыс істейді. Былтыр 1,5 гектарға Өзбекстаннан лимон көшетін әкеліп отырғызған, деп хабарлайды Хабар 24.

«Бір жақсысы көшеттің бұл түрі суыққа шыдамды, ерекше күтімді қажет етпейді. Тыңайтқыштарын уақытында беріп, жақсылап, күтіп баптаса, өнімді де мол береді» – дейді білікті маман. Биыл кейбір көшеттер гүлдей бастайды. Бойы биіктеп кетпес үшін оны қырқып отыратынын айтады.

Айдар Айысов, агроном:

– Бір түбінің өзі 100-200 келіге дейін өнім береді. Жас кезінде өсіріп алу керек. Дәрісін, суын беріп тұрса әдемі болады. Өнімнің көбісі Өзбекстаннан келеді ғой. Сырттан емес, өзімізден шықса деп ойлаймыз біз. Өзімізде көп болса, арзан болады. Шеттен келген соң қымбат болады. Көшеттерін өзіміз шығарамыз. Көп адамдар алып, егеміз деп жатыр. Еккендерге біз жәрдем береміз.

Бағбан алдағы 3 жылдан кейін осы жерден 5 тонна лимон өнімін жинаймыз деп жоспарлап отыр. Бұдан бөлек ауданда тағы бірнеше шаруа он гектар жылыжайға лимон өсіруде. Мамандар диқандар бұрынғыдай жылыжайға тек қызанақ пен қиярды ғана өсірмей, цитрустық жемістерді де көптеп өсіруді қолға алғанын айтады.

Әлайдар Әмірханов, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

– Шаруа қожалығы жетекшілерін тәжірибе алмасу, лимон шаруашылығына баулу және басқа да өнім өндіру түрлеріне үйрету бойынша біз көрші Өзбекстан мемлекетіне барып, тәжірибе алмасулар ұйымдастырып жатырмыз. Қаңтар айының басында бір топ шаруаларымыз көрші елге барып, лимон шаруашылығымен танысып қайтты. Қалай өсіруге болады, қалай баптау керек, өнім көлемін қалай ұлғайтуға болады? Сол бойынша жұмыстар жүргіземіз.

Бағбандар «лимон ағашы бір өсіп алса, 30 жылға дейін үздіксіз өнім береді», – дейді. Қазір  облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы тарапынан жылыжайда лимон өсіретін шаруаларға мемлекеттік қолдау көрсету және жеңілдетілген субсидия төлеу мәселелері жан-жақты қаралып жатқанын айтады.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш