Мұнайлы ауданы Басқұдық ауылында қордаланған мәселелер шешімін таппай тұр

Мұнайлы ауданы Басқұдық ауылының тұрғындары ауыз суға мұқтаж. 200-ден астам отбасы тіршілік нәрін әлі күнге дейін сатып алады. Тұрғындар ауылдағы мәселе жалғыз бұл емес дейді. Көшелер қоқысқа толып, асфальт салынбаған. Салдарынан қоғамдық көліктер ауылға кірмейді.

Бұл Басқұдық ауылындағы тұрғындардың жанайқайы. Ынтымақ, Әділет, Достық көшесінде тұратын 200-ден астам отбасы жылда көтерілетін мәселеден әбден ығыры шыққан. 

Рулан Серікбаев, ауыл тұрғыны:

- Жол керек, жаңбыр жауса адамның аяғы балшық болады. Баланы таситын автобус жүрмейді, сабаққа дикий түрде жібереміз. Бір жерге бару үшін 2-3 сағат бұрын шығамыз. Жаңбыр жауғанда үйімізге кіреді. Столб жоқ, ағаш столбымен тұрмыз. Біреуі шіріп құлайды, бала токқа түседі, акимат сосын оянады.

Бибажар Разикова, ауыл тұрғыны:

- Бітпейтін проблема көп бұл ауылда. Асфальт жоқ, автобус жоқ. Қоқыс контейнері жоқ. Бөлінген ақша қайда кетіп жатыр? 

Шынар Ахметова ауыз судың мәселесін былтырдан бері айтып келеді. Ол айдың күні аманында тіршілік нәрін сатып алатынына наразы. Ал 1 жыл бұрын қазылған су құбыры қозғалыссыз тұр.

Шынар Ахметова, ауыл тұрғыны:

-  Әкеліп құбырларын қойды, босқа тұр. «Көктемде береміз» дейді 2 көктем өтіп кетті. Су келмей қалады, водовоз жетіспей қалады, 8 мыңға көтерілді, 10 мыңға құйған күніміз болды.

Бұдан бөлек, қоқыс мәселесі де тұрғындардың мазасын әбден қашырған.

Әйгерім Ашықбаева, тілші:

- Міне тұрғын үйдің алды күн өткен сайын «полигонға» айналып барады. Жел тұрса күл-қоқыс тұрғын үйлерге ұшып, иісі қолқаны қабады. 5 метр қашықтықта орналасқан аумақта ит те, адамдар да іздегенін табуда. Тау болып үйілген қоқыс қалдықтарынан түрлі нәрсе кездестіруге болады. Бұл жиналған үйіндінің бірі ғана.

Қуанышбек Қадиров, ауыл тұрғыны:

- Жаздыгүні терезе аша алмаймыз, балалар далаға ойнай алмайды, далада жата алмаймыз не отыра алмаймыз. Мусордың бәрі үйдің алдына ұшып келеді.

Ал жергілікті әкімдік өкілі қоқыс бойынша жақын арада үйдің алды тазартылатынын жеткізді. Су мәселесі де шешімін таппақ.

Нұрбек Қарасаев, Мұнайлы ауданы әкімінің орынбасары:

- Су құбырларын тарту жобасы аяқталды. Су құбырлары арқылы суды бере алмай отырмыз. Су тұшыту зауыты арқылы қысымы аз болғандықтан. Облыс әкімдігі қолдауымен қаладан ТВС құбырларынан су алуға 25 қаңтарға техникалық шарттарды алдық. 1 жарым километр құрайтын су құбырын тарту жүргізіліп жатыр. Ақпан айында аяқтаймыз, наурыз айында су береміз деп жоспарлап отырмыз.

Ал ауылға асфальт біртіндеп жүргізіледі, дейді аудан әкімінің орынбасары. Осыған дейін Басқұдықта «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы бойынша 5 шақырым жол салынған. Биыл 51 шақырым жолға ұсыныс беріліп, қолдау тапқан. Енді қаражат бөлінсе, 3 жыл ішінде жұмысты аяқтау жоспарланған. 

Әйгерім Ашықбаева, Ренат Дүйсалиев, Александр Убейкин, Саламат Бекбаев