Сарыағаш ауданында 1,5 мың гектар жерді сумен қамтамасыз ететін канал толық жөнделді

Түркістан облысының Сарыағаш ауданында мың жарым гектар жерді ағын сумен қамтамасыз ететін канал толық жөндеуден өтті. Жібек жолы, Қапланбек және Қызылжар ауылының шаруалары жылда жаз ортасында ағын судан тапшылық көріп, еккен егіндері қурап кететін. Енді мәселе шешіліп, тіршілік нәрінен тапшылық болмайды дейді диқандар. Қанша шақырым канал бетондалды? Қосымша бос жерлер пайдалануға енді ме?

Жібек жолы Сарыағаш ауданындағы ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіретін ең негізгі ауыл. Халықтың дені жылыжай шаруашылығымен айналысады. Диқандар соңғы 10 жыл көлемінде судан тапшылық көріп, қиналатындарын айтады. Тіршілік нәрі жаз айларында мүлде болмай қалып, шаруалар шығынға шаш-етектен бататын. Себебі Қожақан каналы көп жылдан бері тазаланбаған. Су алқап басына жеткенкеше жерге сіңіп, ысырап болатын.

Тұрсын Тасқожаев, шаруа:

- Осыдан 2 жыл бұрын су тапшы еді. Төмен жақтағы шаруалар қиналатын. Келіп біздің арықтарды жауып кететін. Бетон болмаған соң су жер астына тартып кетеді. Құрылыс жүріп жатқанда біз жаңбырдың суын, жерасты суын пайдаландық. 2 жыл амалдадық. Енді міне қазір су берді. Суға қарасаң көзің қуанады. Шаруалар үшін жақсы сыйлық болды.

Байжан Әбішов, шаруа:

- Ілгері де 4 текше метр су алатын болса, соның 800 литр суы етекке жетпейтін. Қазір 800-900 литр, 1 текше метр су барып жатыр. Бұл өте тиімді, шаруаларға жақсы болды. Бұрын пайдаланылмай жатқан 260 гектар жер канал жөнделген соң қосылды. Айналыма кірді.

Табаны бетондалып, толық жөндеуден өткен Қожақан каналының ұзындығы 18 шақырым. Жоба құны 1 млрд 556 млн теңге. Жібек жолы, Қапланбек және Қызылжар ауылдық округтеріне тиесілі бір мың бес жүз гектар суармалы алқап, осы каналдан су ішеді.

Нұрбол Алданазаров, "Сарыағаш аудандық су шаруашылығы" МКК директоры:

- Сарыағаш ауданы негізі судың 90-95 процентін Өзбекстан Республикасынан аламыз, Шыршық өзенінен. Шыршықтан бастау алатын Зақ деген магистральді канал бар. Сол Зақ каналынан келеді осы су. Осы үш ауылдық округіндегі осы каналдан су ішетін шаруа қожалықтардың мәселесі толығымен шешілді. 

Түркістан облысында 87 магистральді және бір жарым мыңнан астам шаруашылық каналдар бар. Мамандардың айтуынша, олардың жартысына жуығы жөндеуді және механикалық тазалауды қажет етеді.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш