Түркістан облысында коммуналдық проблемалар қашан шешіледі

Түркістан облысында коммуналдық проблемалар қашан шешіледі

Түркістан облысындағы Таңатар елдімекенінде тұрғындар ауыз судың сапасы сын көтермегендіктен, ауруға жиі шалдығатын айтып шағымданады. Жолдың жәйі де жергілікті тұрғындардың бас ауруына айналды, деп хабарлайды Хабар 24.

Таңатар ауылының тұрғындары коммуналдық мәселелердің шешілуін көп күттік дейді. Себебі аудан орталығына қатынайтын жалғыз жол небәрі 3 шақырымды құраса да, жөндеу көрмегеніне 15 жылдан асқан. Осылайша тоз-тозы шыққан қара жол іргедегі аудан орталығын алыстатып отыр.

Шалқар Қонысбаев, Таңатар ауылының тұрғыны:

– Бір 15 жылдан асып кетті қазір нақты қай жылы салынғанын айта алмай тұрмын. Бірақ ол кезде де сапасыз салынған жол еді бұл. Бір ақ төсем төселді. Оның өзі 2-3 елі ғана болып салынған. Оның бәрінің тозығы жетті. Біздің осы ауданмен екі ортадағы 3 км жол облыстың балансына өтіп кеткен екен. Аудан оған басын қатырып жатқан жоқ.

Табиғи газдың да әлі күнге дейін тартылмауы тұрғындарды әбден титықтатқан. Себебі мұндағы 170 үйдің халқы көмір жағып, ас-ауқатын пешке әзірлеп күнелтеді. Күрмеуі қиын күрделі мәселеге айналған көгілдір отын жұртты өркениет игілігінен айырып отыр.

Пернекөз Дәуренбекова, Таңатар ауылының тұрғыны:

– Осы маусымға мысалы, бір қысқа 10 тонна көмір аламыз. Оның өзі кейде жетпей қалады. Ауа-райына байланысты. Биыл қайта мына қыс жеңіл болғанына Құдай деп Аллаға қуанып отырмыз. Бізге берген жәрдемі бұл. Әйтпесе аяз деген, қар деген қырғын болатын.

Заң аясында талап етіп, заман ағымынан қалмасақ деген жұрттың күте-күте тағаты таусылды. Себебі «Қапшағай» су қоймасынан тартылған ауыз суды тұтынған жұрт соңғы уақытта аурушаң болып кеткен. Өйткені ауыл малы суарылатын аймақ та талапқа толық сай келмейді. 

Тәттігүл Сәмендірова, Таңатар ауылының тұрғыны:

– Іш ауруы да осыдан болып жатыр. Бүйрек ауруы да бәрі осыдан болып жатыр балам. Бір таза су жоқ. Тұндырып қойып, қайнатып банкаға құйып қойып ішеміз. Иісі де бар. Ағызып қойсаңыз, иісі де шығады. Одан кейін мынандай-мынандай қызыл құрттар бар. Жыбырлап тұрып, осы шелекке түседі. Осы жағдай.

Аудан әкімдігінің мамандары қордаланған мәселенің жуық арада шешілетінін айтады. Биыл жол, кейін ауыз су мен газды да тартып береміз деп отыр. Тек жоспарлы жұмыс кезең-кезеңімен атқарылатындықтан, әлі біраз уақыт күтуге тура келеді.

Марат Енжанов, Бәйдібек аудандық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

– Осы Таңатар елді мекенінде жер асты су қорын анықтау бойынша барлау жұмыстары биыл басталады. Облыстық энергетикалық басқармасынан. Былтыр 2021 жылы жобасы жасалды. Биыл сол барлау жұмыстары жүргізіледі. Жер асты су қоры анықталғаннан кейін барып біз ауыз су жүйелеріне қайта реканструкциялау жұмыстарын жүргіземіз. Ауыз су мәселесі, газ мәселесі, жол барлығына жобалау-сметалық құжаттары әзірленіп жатыр.

Таңатар ауылындағы коммуналдық мәселелер шешімін тапқанша тағы 2-3 жылдай уақыт кетеді. Ал осы қиындықтарды еңсереміз деп отырғанда, сығырайған электр жарығының да тұйықталуы жиілеп кеткен. Сондықтан бұл мәселені облыс басшылары назарға алып, тұралаған тірлікті тіктеп берсе екен дейді, – жұрт.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов